#qyzylordatv #жаңалықтар #қызылорда #news #өнер #домбыра #ақын

Мәдениеттен сүйінші ақпар. Шымкент қаласында өткен «Күміс домбыра» республикалық жастар айтысында жерлесіміз Бексұлтан Орынбасар бас жүлдені жеңіп алды. Табан астында тауып айтып, көрермен көзайымына айналған Сыр мақтанышы күміспен күптелген бағалы домбырамен қатар, қаржылай сыйлыққа ие болды.

Бексұлтан Орынбасар таңды-таңға ұрып жырлаған Сыр шайырларының ізбасары. Сондықтан, табан астында тауып айтуға икемді. Республикалық доданың басты талабы да осы. Яғни, жас ақындар алдын-ала жұптаспайды. Сахнада жеребе арқылы анықталған қарсыласты шымыр ұйқас, ұтқыр әзілмен қапы қалдыруың керек. Салмақты сөз сайысында жерлесіміз сенімге селкеу түсірмей, айтысқан 4 ақынның бәрінен бір бәс биік болды.

 Жалпы, бұл айтыс аламаны осымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Баба дәстүрдің байрағын бекемдеп, суырып-салмалық өнердің тұғырын тіктеу – басты мақсат. Маңызды міндет арқалаған сөз сайысына еліміздің әр аймағынан іріктелген 16 ақын қатысты. Екі күнге созылған дүбірлі додада бас бәйге Сыр жүйрігіне бұйырса, жүлделі бірінші орынды қарағандылық Нұрмұхаммед Байсүгіров еншіледі.

 Айтыс аламанында аймақ абыройын биіктеткен талантты жасты қызылордалықтар зор құрметпен күтіп алды. Олардың қатарында мәдениет саласының жетекшілері мен Бексұлтанды айтыс өнеріне баулыған алғашқы ұстаздары да бар.

 Ұстаздан ұлағат тоқыған талант иесі осы жетістікпен тоқтап қалмақ емес. Бұл үлен сапардың басы ғана. Енді Бексұлтан келер айда Қызылордада өтетін командалық айтыста өңір атынан сынға түспек.