#qyzylordatv #қазақстанжаңалықтары #news #жаңалықтар #қызылорда #Қорқытатауниверситеті #Меңдіғара #білім
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Механика-математика» мамандығының майталманы, ұлағатты ұстаз Меңдіғара Жолымбетов атындағы дәрісхана ашылды. Сондай-ақ «Теориялық механика» оқу құралының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.
Меңдіғара Бейсенәліұлы саналы ғұмырын білім саласына арнаған азамат. Киров атындағы мемлекеттік университеттің түлегі «Механика» мамандығын меңгеріп шыққан соң ұстаздық жолды таңдады. Алғаш еңбек жолын Қызылорда политехникумында теориялық механика пәнінен оқытушы болып бастаған. Ал, 1976 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне ауысып, шәкірт тәрбиеледі, ғылыммен айналысты. Меңдіғара Жолымбетов отыздан астам ғылыми және әдістемелік мақаланың авторы.
СЕРІКБАЙ ҚОШҚАРОВ, ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ
Бұл азамат мінезді еді, салмақты еді, білімді еді. Алматыдағы университеті бітіріп, оқытушылық қызметке келген. Теориялық механика деген аса ауыр саладан дәріс берді. Сыр өңірінің білімі мен ғылымына осы азамат үлкен еңбек сіңірді. Өкінішке орай ерте кетіп қалды.
Меңдіғараның мәңгілік мұрасы – көзі тірісінде жасаған игі істері, ағарту саласына қосқан өлшеусіз үлесі. Дәрісхананың ашылу рәсімінде сөз алған әріптестері мен туыстары өткеннен сыр шертіп, ұлағаты иесінің өмір жолына тоқталды.
ОРАҚ ӘЛИЕВ, «ТҰРАН-АСТАНА» УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ Мектепте математика пәнінен үздік болды. Университетте бес жыл бірге оқыдық. Ол сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болды. Ұлағатты ұстаз болуы қанына сіңген қасиет.
Жаңадан ашылған дәрісхана студенттерге қажетті көрнекі құралдарымен жабдықталған. Меңдіғара Жолымбетов туралы деректер жазылған. Шарада ұлағатты ұстаздың ұлы Серік Жолымбетовке «Қорқыт ата атындағы Алтын медаль» табысталды. Мұнан бөлек «Теориялық механика» оқу құралының тұсауы кесіліп, келушілерге таратылды.