#qyzylordatv #жаңалықтар #қызылорда #news #қатерліесік
Өңірде қатерлі ісік аурулары өршіп барады. Былтыр 1387 адамнан ауыр дерттің белгілері анықталған. Оларға мемлекет тарапынан тегін медициналық қызмет көрсетіледі. Жалпы, осы ақысыз көмектің сапасы қандай, расымен, жалпақ жұртқа қолжетімді ме? Тақырыпты тілшіміз зерделеп көрген еді. Бейнематериалға зер салайық.
Ридван Сабитовқа жуырда күрделі операция жасалды. Оған өңеш қатерлі ісігі диагнозы қойылған. Дегенмен аты жаман ауру ерте сатысында анықталыпты. Дәрігерлер дереу ота жасап, дерттің асқынуын тойтарды. 59 жастағы қармақшылық қазір мамандардың ерекше бақылауында.
Соңғы жылдары өңірде қатерлі ісік аурулары дендеп барады. Әсіресе, сүт безі, өкпе, тік тоқ ішек кеселдері күрт көбейген. Мәселен, былтыр бұрын тіркелмеген 1387 адам онкологиялық есепке алыныпты. Жалпы өсім 8,4 пайызды құрап отыр. Бір жылдың бедерінде арнайы орталықта 740 науқасқа ота жасалған. Айта кетерлігі, мұндай науқастарға тегін медициналық көмек аясында мемлекет тарапынан ем-дом шаралары жүргізіледі.
Облыстық онкологиялық орталыққа өткен жылы жылжымалы диагностикалық кешен сатып алынды. Осы арқылы ауыл-аймақты аралап, күрделі дертке шалдыққан тұрғындарға дер кезінде көмек қолын созуға мүмкіндік туып отыр.