Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда екі мәселе күн тәртібіне шықты. Олар – аймақта кәсіпкерліктің даму барысын зеределеу, Кіші Аралды сақтап қалудың 2-ші компоненті бойынша ұсынылған әлеуметтік-экономикалық жобалардың тиімділігін талдау.
Ашығын айту керек, қолға түскен зерделеу деректерін қарасақ, аймақта кәсібін әжептәуір бастағандар, жақсы табысқа шыққандар да, жарты жолда тастағандар да бар. Дара кәсіпкерлер арасында да, заңды тұлғалар тарапынан да. Мәселен, былтыр Қызылорда қаласында 8655 дара кәсіпкер тіркелген болса, 9440-ы тіркеуден шығып кеткен. Мұндай тенденция тек қалада ғана емес, аудандар бөлінісінде де осындай көрініс. Мысалға, Қармақшы ауданында былтыр 31 заңды тұлға тіркелсе, 62-сі тіркеуден шығып кеткен. Құзырлы басқармаға жақында келген басшы Дәурен Әбілқайыровқа кеңес мүшелері сауалдармен қатар, ұсыныстар да айтты. Соның ішінде Байқоңыр қаласына арнайы іссапарға баруын, ондағы кәсіп иелерінің ахуалын білуін, босап жатқан ғимраттарды тиімді шартпен жергілікті кәсіп иелеріне берілуін реттеу, фискалдық операциялардың ықпалын зерделеу сынды мәселелер. Жиында сондай-ақ, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының жетекшісі Ғизат Әбілтай корпорация тарапынан кәсіпкерлікті қолдау шаралары жөнінде қосымша баяндама жасады.