Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі ақын Қадыр Мырза Әлінің туғанына биыл 90 жыл. Осыған орай облыс орталығында «Адам жанының суреткері» тақырыбында поэзия кеші ұйымдастырылды.

«Бірің адам болғанмен,бірің пенде.

 Біреулер бар мықтырақ піріңнен де.

Қателесер тұстар көп білмегенге,

Құлайтұғын жерлер көп сүрінгенге.

Жап-жас болып тұрғам жоқ бүгін мен де,

Кезім болды иілген, бүгілген де.

Қадыр Мырза Әлінің осы өлең жолдары поэзия кешіне қатысқан әрбір тыңдарманның көңіліне қуат сыйлады. Себебі, ақын туындыларының тақырыбы терең, мазмұны бай. Оқырманға сан түрлі сезімдер мен толғаныстар сыйлайды.

СӘПЕН АҢСАТОВ - ОБЛЫСТЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ

 «Осы қаңтар айы Қадыр Мырзалиевтің туған айы, қаңтар айы оның бақиға аттанған айы. Сондықтан бұл шара орнымен, уақытылы өтіп жатыр. Ғажайыптар бара жатса азайып, ешбір ақын жазбаған жыр жазайық... деген Қадыр ғой. Қазақтың қайғысын, шаттығын, бүкіл болмысын домбыраның 12 пернесінде безеулеткен, қазақ поэзиясына көктем боп келген сондай еңбекқор ақын. Кеш өте жақсы өтіп жатыр. Оқушылар келіп жатыр Қадырдың өлеңдерін жырлаймыз деп».

Қадыр ақынның қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі ұшан теңіз. Ол 76 жыл ғұмыр кешсе, соның 65 жылында қаламды жанына серік еткен. Қабырғалы қаламгердің бүгінде 50-ден астам поэзиялық жинақтары мен түрлі тақырыпта жазылған онға жуық кітабы бар.

 АЙГҮЛ ЖАҢҒАБЫЛОВА - Ә. ТӘЖІБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ӘМБЕБАП-ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНА ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ «Мұндағы мақсатымыз ақынның туған жерге деген сүйспеншілігін, адамның өмір сүрудегі мәнін, ұлттық болмысын осы жастарымызға айқын көрсету. Бұл кеште Қадыр Мырза Әлінің шығармаларына, өлеңдеріне тоқталып өтеміз. Сол өлеңдеріне жазылған сүйікті әндері бар, халықтың сүйіп тыңдайтын әндерін осы жерде бөлісеміз».

Қадыр Мырза Әлі адам жанын суреттеп қана қоймай, туған жерге деген ыстық ықыласы мен махаббатын жырлап өткен қазақтың классик ақыны. Мұны бір ғана «Атамекен» әнінен ақ айқын аңғаруға болады.