Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің жартысынан көбі – әйелдер. Білім беру, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың 70 пайыздан астамы да – әйелдер қауымы. Сондай-ақ олар төтенше жағдайлар, қорғаныс және құқық қорғау органдарында табысты жұмыс істеп жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерлік пен елдіктің туын биік ұстаған нәзік жандар бүгін де аз емес екенін алға тартып, аруларды көктем мерекесі- Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

 ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

   «Бүгін мен баршаңызды көктем мерекесі — Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрамды шын мәнінде сұлулықтың көрінісі деуге болады. Себебі әйел жаны қашанда әдемілікке жақын. Аруларымыз әлемге сүйіспеншілікпен қарап, жан-жағына жақсылық шарапатын сыйлап жүреді.

    Әйел – шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы. Ана – тіршілік пен берекенің бастауы, адамзат бойындағы бар ізгіліктің қайнар көзі. Ананың аялы алақаны мен шексіз мейірімі әр үйге жылылық береді. Салт-дәстүріміз бен ана тіліміздің бүгінгі күнге жетуі де, ең алдымен, аналардың арқасы.

     Аналары алаңсыз қоғамда балалар да бақытты өмір сүреді. Ана мен баланың жағдайы дұрыс болса, әлеуметтің жағдайы да дұрыс болады. Сондықтан болашағын ойлаған ел, ең алдымен, әйелдердің жағдайын жақсартуды ойлайды, – деді президент.