Үкімет бірыңғай уақыт белдеуінің ел өміріне әсерінің зерттеу қорытындысын жариялады. Талдауға медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика және физиология саласының ғалымдары қатысқан.

Олар халықтың денсаулығы, энергия тұтыну көлемі мен еңбек өнімділігіне мониторинг жүргізген. Нәтижесінде мәслихат депутаттары уақыт белдеуін емес, жұмыс кестесін ауыстыруды жөн деп тапқан. Қазір Шығыс Қазақстан облысындағы 7 ауданда жұмыс таңғы сағат 8-де басталып, кешкі 5 жарымда аяқталады.

 АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ - ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ

«Бұл шаралар, азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға сондай-ақ кәсіби және жеке өмір арасындағы теңдікті жақсартуға бағытталған. Қажет болған жағдайда, осындай тәжірибені жергілікті атқарушы органдар басқа өңірлерде де қолдануға мүмкіндігі бар».

 САЯСАТ НҰРБЕК - ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ

«Бұл үш жылға берілетін ұзақ мерзімді грант еді. Бірақ зерттеу жұмыстарын ешкім де үш жыл күтпес еді деп ойлаймын. Сондықтан әртүрлі министрліктердегі әріптестермен кеңесіп, қолда бар деректерді жинақтау туралы шешім шығардық. Яғни, арнайы ведомствоаралық топ жергілікті тұрғындардың клиникалық, энергетикалық және т.б жеке мәліметтерін біріктіріп, сараптама жүргізді».