Белградта өтіп жатқан бокстан Әлем чемпионатында он боксшымыз ширек финалға өтті. Жарыстың кезекті күнінде Назым Қызайбай бастаған қазақ қыздары шаршы алаңда 3 кездесу өткізді.

 Бірінші болып рингке ұлттық құрама капитаны Назым Қызайбай шықты. Ол словак қызы Николь Дуриковамен қолғап түйістірді. Көпшілік тағатсыздана күткен кездесуде Назым қарсыласын 3 рет нокдаунға түсіріп, сенімді түрде келесі кезеңге өтті. Мұнан соң ұлттық құраманың тағы бір боксшысы Карина Ибрагимова колумбиялық Валерия Мендосаны 5 те 0 есебімен тізе бүктірді. Ал, жарыс күнінің қорытынды жекпе-жегінде қазақстандық Наталья Богданова испаниялық қарсыласы Мартинес Мас Дунияны жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Және бір қазақстандық Наталья Рябец қарсыласының жұдырықтасудан бас тартуына байланысты автоматты түрде келесі кезеңге өтті.

      Ал, бұған дейін ұлттық құрама сапында алты спортшымыз бірінші кездесулерінде жеңіске жеткен болатын. Осылайша, жаһандық жарысқа барған он екі спортшымыздың оны ширек финалға жолдама алып отыр.