Қаржы пирамидасы - бүгінде Әлемде ғана емес, елімізде өзекті мәселеге айналды. Ал оны шешудің бірден-бір жолы – қаржылық сауатты арттыру. Осыған орай Қаржылық мониторинг агенттігінің облыс бойынша аумақтық департаменті семинар-тренинг ұйымдастырды. Онда қаржы мамандары студенттермен бірге ситуациялық сұрақтарды талдады.
Алаяқтық жолмен біреудің қаржысын жымқыру заңмен қудаланады. Дей тұрғанмен, елімізде ондай әрекетке баратындар азаяр емес. Соңғы жылдары елде кибер алаяқтардың қармағына түсетіндер саны күрт көбейген. Алаяқтардың арбауына әсіресе, зейнеткерлер мен жастар жиі ұшырайды екен. Оған негізгі себептер қаржылық сауаттың төмендігі, құпия мәліметтерді бәз біреулерге ашып беру болып отыр дейді мамандар. Семинарда осы сынды мәселелер сөз болды.
Жалпы, бұл жоба былтырдан басталды. Алғашында мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне құқықтық ақпараттар айтылса, биыл университетте білім алушылар қамтылып отыр. Семинар-тренинг барысында жастар сала мамандарына көкейкесті сауалдарын жолдап, тұшымды жауап алды. Сондай-ақ, кибер алаяқтардан қорғану бойынша баяндамалар тыңдалды.
Мұнан соң, студенттер Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі ұйымдастырған олимпиадаға қатысты. Нәтижесі сәуір айының соңында белгілі болады. Жалпы, алдағы уақытта бағдарлама аясында мыңдаған жастың қаржылық сауатын арттыру көзделуде.