#qyzylordatv
Қаладағы Сәкен Сейфуллин атындағы №4 IT мектеп-лицейінде Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Ибрагим Әбубәкіровті еске алу кеші өтті. Тағылымды іс-шараға келгендер арда азаматтың еселі еңбегі мен адами қасиеттерін айтып, естеліктерімен бөлісті.
Ибрагим Серікбайұлы еңбек жолын 1989 жылы облыстық су басқармасы қарамағындағы «ПМК-33» мекемесінде өндіріс шебері болып бастап одан соң прораб, инженер қызметтерін атқарған. Ал 2001 жылы жеке кәсіпке бет бұрды. Білікті маман ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында өзі құрған «Абу-Сер» серіктестігінің әлеуетін арттырып, облыстағы ірі құрылыс компанияларының қатарынан табылды. Алдымен «сақалды құрылыстарды» сапқа қосты. Қаладағы «Сырдария» мөлтек ауданындағы 5 қабатты 40 пәтерлі тұрғын үй құрылысын сапалы жүргізіп, уақытылы пайдалануға берді. Мұнан бөлек, қала мен аудандарда мектептер, ауылдық клубтар, балабақшалар, дәрігерлік-фельдшерлік амбулаториялар мен басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізіп, сенім үдесінен шықты.
Іс-шарада іскер азаматтың еңбегін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған қалалық «Жас сәулетші» байқауының жеңімпаздары анықталып, арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Сондай-ақ, білім ошағында Ибрагим Әбубәкіров атындағы кабинеттің ашылу рәсімі өтті. Заманауи техникалармен жабдықталған сыныпта құрылысшының өмірдерегі мен еңбек жолындағы жетістіктері жазылған.
Тағылымды кешке келгендер мектеп ауласында түрлі ағаш көшеттерін отырғызып, естелік суретке түсті.