#qyzylordatv
Облыс көлемінде «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталған 4 күн ішінде 264 әкімшілік хаттама рәсімделген. 5 жасөспірім ішкі істер органдарының есебіне алынса, ата-ана қадағалауынсыз және панасыз қалған 3 жеткіншек кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жатқызылды.
Сондай-ақ, бала тәрбиесіне бей-жай қараған 30 ата-анаға хаттама толтырылса, кәмелетке толмаған балаларды ойын-сауық орындарына кіргізген 6 кәсіпкер және 21 жасқа толмағандарға темекі бұйымдарын сатқан 1 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жедел-профилактикалық іс-шара барысында бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған 10 ата-ана есепке алынды. Егерде бұл жағдай екінші рет қайталанса, ескертумен шектелмей, айыппұл арқаламақ.
Айта кетейік, «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы 6-шы мамырға дейін жалғасады.
РАУАН ӘЛДЕШОВ – ОПД ЖПҚ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ / Іс-шараға Білім, Денсаулық, Жұмыспен қамту, Қоғамдық даму басқармалары, Жастар ресурстық орталығына және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына қатынас хаттар жолданып, қазіргі таңда бірлесіп тиісті жұмыстар атқарылуда. Іс-шараға барлығы 297 қызметкерлер жұмылдырылса, олардың 182 ішкі істер органдарының қызметкерлері, білім беру орындарынан 93, жергілікті атқарушы және өзге де органдардың 22 өкілдері қатысуда.