#qyzylordatv
Солтүстік өңірдегі бірқатар жоғары оқу орындарының өкілдері Қызылордаға келіп, мектеп бітіруші түлектерге “Серпін” бағдарламасының артықшылықтарын айтты. Мемлекеттік бағдарлама аясында биыл оңтүстік жастарына үш жарым мыңнан астам білім гранты бөлініп отыр.
«Серпін» – сапалы білімге серпін беретін бағдарлама. Осы жоба арқылы өңірдің мектеп бітірушілері 2014 жылдан бері солтүстік аймақтардағы жоғары оқу орындарына түсіп, білім алып келеді. Бұл жолы Қостанай мен Қызылжардан келген университет өкілдері Сыр түлектерімен кездесіп, бағдарламаның тиімді тұстарын түсіндірді.
ШЫҢҒЫСХАН ҒАБДУЛЛИН – А. БАЙТҰРСЫНОВ АТЫНДАҒЫ ҚОСТАНАЙ ӨҢІРЛІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІНІҢ БАС ХАТШЫСЫ Педагогикалық, IT, ауыл шаруашылығы және технологиялық мамандықтарға гранттар бөлінген. Басқа бағдарламалардан “Серпіннің” ерекшелігі – үш жарым мың гранттың бөлінуі. Бұл – аз баллмен оқуға түсуге мүмкіндік. Сонымен қатар, жатақхана тегін, 4 жыл мемлекет қамқорлығында болады. Ал оқу бітірген соң 2 жылдық жұмыс өтілі беріледі.
Алғаш рет университет өкілдері арнайы Serpin Way автобусымен кәсіби бағдар беру турына шыққан. Оның құрамында оқытушылар ғана емес, өздері осы бағдарлама арқылы оқып жатқан студенттер де бар. Олар талапкерлерге шетелдік тәжірибе, қос диплом алу мүмкіндіктері мен студенттік өмір туралы жан-жақты ақпарат берді.
ЖАНӘДІЛ АСАНӘЛИ - М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ
Серпін бағдарламасы бойынша техникалық мамандықтарға 50 балдан жоғары жинаса, талапкер Қозыбаев университетіне, Байтұрсынов университетіне түсе алады. Біздің университет Аризона университетімен келісім жасасты. Яғни 3 жыл Қазақстанда, бір семестр АҚШ-та оқып, қос диплом алады. Студенттер 100% жатақханамен қамтамасыз етілген.
Солтүстік өлкеден келген делегация кәсіби бағдар турын Сыр елімен аяқтады. Бұл – шалғайда тұратын оқушылар мен ата-аналар үшін бағдарлама туралы толық ақпарат алуға үлкен мүмкіндік. Бүгінгі кәсіби бағдар – ертеңгі табысты таңдау. Ал дұрыс таңдалған мамандық – жарқын болашақтың кепілі.