#qyzylordatv
«Өшпесін тарих шырағы». Осындай тақырыпта Қызылорда қаласының тарихы музейінде ғылыми-танымдық жиын өтті. Талқы алаңында өлкетанушы ғалымдар шаһар тарихы турасында тың деректер келтіріп, ақтаңдақ жылдар ақиқатын алға тосты.
Сырдың сол жағалауынан орын тепкен музей ғимаратында әуелі архив қорында сақталған құнды құжаттар көрмесі таныстырылды. Мұнда ел астанасын Орынбордан Ақмешітке көшірген кезеңдегі тарихи деректер топтастырылған. Ал еркін форматта өткен жиында өңір ғалымдары жиырмасыншы ғасыр басында жүргізілген саяси өзгерістер хақында баяндама жасады. Сондай-ақ, ұлттық тұтастықты сақтау жолында қажырлы қызмет еткен қайраткерлер еңбегі дәріптелді. Мәселен, ұлттық территориялық межелеу кезінде Сұлтанбек Қожанов пен Темірбек Жүргенов айрықша табандылық танытқан.