#qyzylordatv
Биыл Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекованың туғанына – 90 жыл. Осыған орай «Анаға тағзым» орталығында дән падишасына арналған рухани-танымдық кеш ұйымдастырылды. Жиында еңбегімен ер атанған әз-ананың көзін көрген аға буын өкілдері естеліктерімен бөлісіп, өскелең ұрпаққа ұлағаты айтылды.
Сыр өңірінен жүзден астам Социалистік Еңбек ері шықса, солардың ішінде Сәлима Жұмабекованың есімі ерек, шоқтығы биік. Себебі, он бір бала тәрбиелеп өсірген батыр ана отбасының ғана емес, елдің ұйытқысы бола білді. Сәбиін құндақтай жүріп, еңбектің қара қазанында қайнады. Мал бағып, түлік санын көбейтті, сауыншы болды, тіпті құрылыс жұмыстарымен де айналысқан. Сан түрлі саланы игерген қазақтың қайсар қызы қолына кетпен алып, ерлермен бірге егін екті. Ерекше ерік жігері мен тынымсыз тірлігінің арқасында өзіне бекітілген күріштің әр гектарынан 118 центнерге дейін өнім жинап, есімі бүкіл республикаға танылды.
Тарихқа зер салсақ, 300 миллионға жуық халқы бар Кеңес үкіметі тұсында Социалистік Еңбек Ері мен «Батыр ана» атағын қатар алған 3 қана адам бар екен. Соның бірі осы Сырдың Сәлимасы еді. Үй мен түздің шаруасын қатар қамдап, нәзік болмыстың мықтылғын байқатқан жан ешқашан менменсіген емес. Жарық жалғаннан жайраңдап өтті. Рухани кеште көзкөргендер әз ананың еңбекке ептілігі мен биязы болмысы туралы естеліктерімен бөлісті.
Ақ маржаннан алтын таққан даңқты диқанға 2000 жылы «Ғасырдың батыр анасы» құрметті атағы берілсе, жергілікті ғалымдар 2015 жылы күріштің жаңа сортын шығарып, оған «Сәлима» деп ат қойды. Міне осыдан-ақ Сыр еңбеккері көзі тірісінде-ақ аңызға айналғанын ұғынуға болады. Оның бүтін болмысы дүйім жұртқа өнеге, ұрпағына мақтаныш.
Жайдарлы жанның жарық дүниеден көшкеніне биыл 5 жыл болды. Арамызда болса тамыз айында 90 жасқа толар еді. Өмірі өнегемен өрілген жанның еңбегі әлі де дәріптелуі кемшін секілді. Асыл ананың есімі құм астында қалған жәдігердей жоғалмаса игі.