#qyzylordatv
Осыдан тура он жыл бұрын қазақ өнері орны толмас қайғыға душар болды. Талантты Сыр перзенті, өнерімен әлемге әйгіленген әнші, композитор Батырхан Шөкенов мәңгілік мекенге кете барды. Біртуар дарын иесі арамызда болғанда биыл 63 жасқа толар еді. Ол өмірден ерте өтсе де, артында өшпес мұра қалдырды. Әуезді әнін ұмытпаған қызылордалықтар бүгін талантты музыканттың фотокөрмесін тамашалады. Көрмеге әншінің бұрын-соңды жарияланбаған фотолары да қойылды.
ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ //Жарық дүниеге ән болып келіп, ән болып кеткен Батырхан Шөкеновтің есімі мәңгілік ел есінде. Өнер әлемінде еркін қалықтап, талайды тамсандырған Сыр перзенті қазақ атын әлемге әйгіледі. Ғибратты ғұмырында еліміз бен Ресей эстрадасының жарық жұлдызы атанған ол қазір шоқ жұлдызға айналып, көктен көз тастап тұрғандай. Себебі, талғампаз тыңдарманның жүрегіне хатталған үні барда өлді деуге, шырағы сөнді деуге келмейді.//
Өнер жолын Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның саксофоншысы ретінде бастаған Батырхан 1988 жылы «Алма-Ата Студио» тобын құрып, әлемдік деңгейде өнер көрсетті. Сол уақытта Шөкеновтің орындауындағы «Белая река», «Стоп. Ночь», «Солдат любви» тағы да басқа әндері топты көпке танымал етті. Сондай-ақ, әнші 2002 жылы «Отан-Ана» атты алғашқы ән-жинағын қазақ тілінде шы¬ғарып, музыка өнерінде өшпес із қалдырды. Көз көргендер оның әншілігі, композиторлығы, продюсерлігінен бөлек, кісілік кескіні өнерді нұрландырып тұратынын үнемі айтып отырады. Көркемсурет галереясында ұйымдастырылған фотокөрмеге келгендер әншінің бойындағы мұнан басқа да ерекше қырларын тілге тиек етіп, естеліктерімен бөлісті.
АРАЛБАЙ ҚОЗБАҚОВ – Б. ШӨКЕНОВТІҢ ЗАМАНДАСЫ //1980 жылдан бастап біз Батырханмен бірге ансамбль құрдық. Бірге ойнадық. Сондай бір қызықты өмірлер өтті. Батырханмен көп кездесіп тұрдым. Америкада бір рет кездестік. Батырханның алға қойған көптеген жобалары бар тұғын. Оның жоспарлары қазақтың өнерін Америка мен Еуропа еліне әндерімен концертке келу еді. Батырханды танитын жақын елдерден, Ресей елінен де осы галереядағы фотоларын көріп, жақын сезімдерін білдіреді деп ойлаймын.//
Көрмеде Батырханның жақын досы, фотограф Николай Постниковтың түсірген 35 фотосуреті жинақталып, қойылған. Суреттердің кейбірі 1993 жылы түсірілген «Джулия» музыкалық филімінен алынса, кейбірі «Қазақфильм» киностудиясының фотографы Рафат Бегишев арқылы сақталып, кейін Илья Постников қалпына келтірген туындылар бар.
БАҚЫТЖАН ШӨКЕНОВ – Б. ШӨКЕНОВТІҢ АҒАСЫ //аударма: Көрмедегі суреттердің ішінде бұрын еш жерде жарияланбаған фотолар да бар. Себебі, фотограф барлығына барлық идеясын қойып түсірген. Және оны осы кезге дейін сақтаған. Кейбір суреттерге жарық беріп, бөлек туынды жасаған. Көрменің ұйымдастырылуына Батырхан Шөкенов атындағы қоғамдық қор ұйытқы болды. Үлкен рақметімізді айтамыз. Сондай-ақ, көркемсурет галереясына да өз алғысымды білдіремін.//
Табиғи талантымен талайды таңдай қаққызған Батырхан Шөкенов қазақ эстрадасына тың жаңалық әкелген дарынды тұлға екені әмбеге аян. Өнер көгінде жасындай жарқыраған Сыр Батыры, ерте сөнсе де жас таланттарға үлгі жолын көрсетіп кетті.
РАЙКҮЛ БАЙНАЗАРОВА – ОБЛЫСТЫҚ ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ //Батырханның өмірі 52 жасында аяқталды. Қысқа болды өмірі. Дегенмен де, артында қалған ізі мәңгілік болды деп айтуға болады. Өмірінде өте қарапайым жігіт болды. Ол біріншіден отбасынан алған тәрбие деп ойлаймын. Батырхан өнерден бөлек, өмірде де қарапайым болды. Алматыда ДЦП ауруын емдейтін клиника бар. Сол клиниканы көп жылдары өзі спонсор ретінде балалардың еміне, оның жағдайының жасалуына көп жұмыстары жасады. Дегенмен де ол жұмыстары көпке айтпайтын.//
Фотокөрмені зиялы қауым өкілдерінен бөлек, студенттер де тамашалады. Мамандар оларға әншінің өмір жолы мен шығармашылы туралы айтып, естелік суретке түсті.
АЛИНА АЯПОВА – СТУДЕНТ //Аударма: Мен бұл галереяға келу арқылы Батырхан Шөкеновтің өмірі мен өнерін танып, білдім. Әншінің фотолары өте әдемі түсірілген. Маған қатты ұнады. Батырхан ағаның әндерін жиі тыңдаймын. Әр әнінің астарында өзіндік мән бар.//
Өнер батыры арамызда болса 63 жасқа толар еді. Тағдыр ісіне шара бар ма?! Сыр перзентін еске алып, өнерін өрістету мақсатында ұйымдастырылған фотокөрме 18-ші мамырға дейін жалғасады.