#qyzylordatv

Легионері жоқ «Қайсар» еліміздің 7 дүркін чемпионы «Астанамен» тең түсті. Футболдан Қазақстан премьер-лигасының кезекті турында дала қасқырлары өз алаңында намысқа тырысып, жанкүйерлердің делебесін қоздырды.

 Бұл матчта төреші төрт пенальти белгіледі. Алдымен бірінші таймда «Астана» шабуылшысы Джеффри Чинеду мүлт кетті. Есесіне, екінші кезеңнің басында «Қайсар» алға шықты. Елорда клубының литвалық қорғаушысы Кипрас Казуколовас өз айып алаңында Нұрдәулет Ағзамбаевты шалып жықты. Бас төреші Сергей Ноженко «Қайсардың» пайдасына пенальти белгіледі. Алаң иелері сапынан 11 метрлік соққыны Айбар Жақсылықов сәтті орындады.

 Қызылорда клубы бірнеше минут есепте алда тұрған. Бірақ соңғы минуттарда Марлен Айманов тәртіп бұзып, «Астана» екінші рет пенальти тепті. Чинеду бірінші таймда қателескен соң, Грипши тепкен. Қақпашы Нұрымжан Салайдин тағы да қайтарды. Алайда қақпашы ережеге сай ойнамаған. Сондықтан Ноженко пенальтиді қайталап тепкізді. Бұл жолы Грипши қателеспеді. Қорытынды есеп – 1:1.

Осылайша «Қайсар» «Астанамен» тең түсіп, легионерсіз де ойын көрсете алатындығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Осы турдан кейін 4 ұпай жинаған жерлестеріміз турнирлік кестенің 11-орынында тұрақтады. ЕНді келесі ойынды 11-мамыр күні сырт алаңда «Ордабасыға» қарсы өткізеді.