#qyzylordatv

Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз. Астанадағы «Қазақ елі» алаңында өткен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған Әскери парадта мемлекет басшысы осылай деді. Салтанатты іс-шараға елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам қатысты. Қазақ әскерінің қаймағы жиналған шарада түрлі құрылым сарбаздары жүріп өтіп, әскери техниканың әлеуеті таныстырылды.

 Сап түзеген сарбаздар. Түп-түзу тізілген техника. Тарихи шеруді бастауға бәрі сақадай сай. Алдымен ту ұстаушылар тобы Мемлекеттік туды және Жеңіс туын алаңға алып келді. Бұл ту осыдан 80 жыл бұрын әйгілі отандасымыз Рақымжан Қошқарбаев пен оның майдандасы Григорий Булатов Рейхстагқа тіккен тудың көшірмесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ әскеріне деген құрмет пен сенімнің ерекше екенін атап өтті.

 Қазақстан армиясы 1992 жылы 7 мамыр күні ресми құрылған. Қиын заманда қазақ шекарасын қорудан бастаған армия қазір халықаралық миссиялардың белді қатысушысына айналды.

Еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – аса маңызды міндет. Сондықтан қарулы күштерімізді жаңғыртып, армиямыздың айбынын арттыруға ерекше басымдық беріліп келеді.

 1941-1945 жылдардағы соғысқа 1 миллион 200 мыңнан аса отандасымыз қатысты. Қазір Республика бойынша сұрапыл соғыстың 105 куәгері ғана бар. Кеше Қостанай облысынан ардагер Қасымхан Алдабергенов Астанаға аттанғанын айтқанбыз. Бүгін арнайы келген ақсақалдан бата сұрадық.

Шерудің бірінші тарихи бөлімін сол отандастарымыздың негізгі қаруы болған Шпагин және Максим пулеметтерімен қаруланған сарбаздар бастады.

 Әскери шеруде, құрлық, әуе, теңіз күштерінің парадтық топтары, арнайы мақсаттағы бөлімдер, түрлі әскери оқу орындарының курсанттары және басқалар саптық жүріспен өтті.

Тарихи әскери техника легінен соң салтанатты шеруді қазақ армиясының қазіргі техникасы жалғады. «Бук», «Тор» зенитті-ракета кешендері, «Барыс», «Алан», «Айбар», «Таймас», «Террекс» дөңгелекті ұрыс машиналары, минаны залалсыздандыратын роботтары бар арнаулы автокөліктер Республикалық парадта бірінші рет көрсетіліп отыр. Сондай-ақ, отандық өнім – роботпен басқарылатын экипажсыз «Самғау» катері, «Сандкат», «Алан-1», «Алан-2» брондалған машиналары жалпақ жұртқа тұңғыш рет таныстырылды.

 Әскери парадтың әуедегі бөлігін Ми-8, Ми-171, Ми-35, Ми-17 тікұшақтары бастады. Одан соң әскери техниканы, сарбаздарды тасуға арналған ұшақтармен қатар, жоғары жылдамдықты жойғыш ұшақтары таныстырылды. Бұл техниканың барлығы армиясы алдыңғы қатардағы елдердің иелігінде ғана бар. Парад көрермендеріне көзайым ретінде Су-25 ұшақтарының тобы еліміздің басты алаңынан аспан астындағы ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТУЫНЫҢ бейнесін салып шықты.