#qyzylordatv
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «Qyzylorda» телеарнасы тың туындының тұсауын кесті. «Соғыс жесірі» атты деректі фильмде жолдасы майданнан оралмай тірлік тақсіретін тартқан кейуананың тағдыр талайы суреттеледі. Аталмыш фильмнің жабық көрсетілімі күні кеше көрермен назарына ұсынылып, руханият жанашырларының оң бағасын алды.
Деректі фильмді тамашалауға әдебиет, мәдениет өкілдері мен тарихшы мамандар және тілші қауым арнайы шақырылған. Олардың қатарында фильм кейіпкерінің ұрпақтары да бар. Тойдың болғанынан, боладысы қызық. Көпшілік кинозалға енбес бұрын тың дүниеден не күтетіні турасында ой бөлісті.
«Соғыс жесірі!» Бұл бұрын-соңды көп қаузалмаған тақырып. Өйткені, майдангерлер ерлігі жан-жақты дәріптелгенімен, ауыр бейнетті арқаға артып, адалдықтан айнымаған асыл аналар тағдыры қалтарыста қалып қойып жатады. Сондықтан шығармашылық ұжым көзі тірі соғыстың соңғы жесірін таспалау үшін Жамбыл облысына қарасты Жақаш ауылына арнайы барған. Фильмнің басты кейіпкері Райхан Әлібайқызы бүгінде 110 жаста. Ол өмірлік жолдасын жұтқан сұм соғыстың тақсіретін әсерлі әңгімелейді.
Тарихи картинаның келесі кейіпкері – Арал ауданы, Қаратерең ауылында өмірден өткен, соғыс жесірі Иба Смайылқызы. Шығармашылық ұжым осы екі жанның соқтықпалы-соқпақты тағдыры арқылы екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын көрсете білген. Яғни, кейіпкерлердің ғұмырнамасы жас актерлердің сомдауында шебер көрініс табады. Деректі фильмді тапжылмай тамашалаған көрермен сұм соғыстың жүрекке салған жарасын ұғынып, көз жасқа ерік берді.
Үзілген үміттен - үміт күткен шарасыз сезім! Гүлдей солған жас ғұмырдың обалы кімге? Бір сөзбен, тірегінен айырылғанның жүрегі мәңгілік сағыныш сандығында қалып қояры ақиқат. Бұл фильмдегі түйінді ой осы. Айта кетейік, жаңа туынды «Qyzylorda» арнасынан 9 мамыр сағат 20:35-те, ал, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан 10 мамыр күні көрсетіледі.