#qyzylordatv
Тылдағы тынымсыз тірлік талай тағдырды талқандай тартты. Шиелілік Құрмаш Есімсейітов сол ауыр нәубетті бастан кешкен жанның бірі. Еңбек майданының жауынгері 12 жасынан бастап ауыр жұмысқа жегілген. Бейнеттен бел жазбаған қазыналы қариямен тілшіміз тілдесіп қайтты.
Соғыс оты тұтанған тұста Құрмаш Есімсейітов небәрі 12 жаста еді. Ойыны қанбаған ұлдың бар ойы шаруаның шашауын шығармау болды. Колхоздың қара жұмысын атқара жүріп, қой бағып, түйе түлетті. Тіпті сарышұнақ аязда Қаратауды қапталдай жатқан шопандардың азығын түн жорытып тасыған екен. Сол жолда тау ортасында түз тағысымен бетпе-бет келген кездері де болыпты. Шыны керек, қазір оның жасындағылар жыламай тамақ ішпейді. Сондықтан қазыналы қарияның бастан кешкен әр сәті аңызға бергісіз әңгіме.
Расымен, кейіпкерімізді өмір ерте есейтті. Сұм соғыстың қанды шеңгелін көрмесе де, еңбек майданының барлық сатысынан жүріп өткен. Бірақ, бейнеттен бел жазбаған қария сындарлы кезеңде сынып кеткен жоқ. Бүгінде 12 ұл-қызынан тараған бал тілді немере-шөбере арасында шүкіршілік етіп отыр. Абыз ақсақал төртінші мамыр күні 96 жасқа толды. Қос тойы қатар келген жанды аудан әкімі Айтбай Жандарбеков арнайы құттықтап, мерекелік медаль табыс етті.
Құрмаш Есімсейітовтің парасатты болмысы кім-кімге де үлгі. Сондықтан, ізінен ерген інілері әркез мақтан етіп отырады.
Шынында жеңіс күнін жақындатуға еңбек майданының азаматтары өлшеусіз үлес қосты. Айта кетерлігі қазір шежірелі ауданда 169 тыл ардагері бар. Мереке қарсаңында олардың бәріне дәл осылай құрмет көрсетіліп, еңбектері дәріптелуде.