Жаңақорған ауданындағы Төменарық ауылына Тутұғыр орнатылды. Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған тағылымды іс-шараға Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков қатысты.

 Мемлекетіміздің ұлттық болмысын, дербестігі мен тәуелсіздігін айқындап, әлемге танытатын белгі – еңселі елтаңбамыздың авторы Жандарбек Мәлібеков Жаңақорған ауданының тумасы. Тутұғырды орнату іс-шарасына қатысу үшін туған өлкеге арнайылап келген.

 ЖАНДАРБЕК МӘЛІБЕКОВ – ҚР ЕЛТАҢБАСЫНЫҢ АВТОРЫ \Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлының жолдауларында, Құрылтайда біздің «Жаңа Қазақстан» деп жүрген нәрсеміздің әрбір жерде, әрбір ауылда осындай жаңалықтар болып тұруы шарт. Біздің барлық жастарымыз талантты, өздерінің азаматтары бар, меценаттары бар. Осылай еліне, жеріне жәрдем береді. Мен өте қуцаныштымын. Бұл Қазақстан бойынша бір жаңа бастама деп ойлаймын. Осыған қатысып жүрген барша азаматтарға алғыс айта отырып, осындай жаңа бастамалар біздің Қазақстанның басқа жерлерінде де дами берсін, өркендей берсін. Біздің Қазақстанымыздың тұтастығын білдіретін үлкен шара деп ойлаймын.

 Төменарық ауылының төрінде бой көтерген Тутұғыр – тыл ардагері, ұлағатты ұстаз, қаламгер Кәрім Жұмабаевтың ұрпақтарының тартуы.

ҚАЙРАТ ЖҰМАБАЕВ – К.ЖҰМАБАЕВТЫҢ ҰЛЫ

Әкеміз Кәрім Жұмабаев осы ауылға, елге еңбегі сіңген үлкен ұстаз, тәлімгер. Елдің жоқ мұқтажын тілі жеткен жерге айтып, тілі жетпеген жерге қаламмен жеткізген. Сондықтан осындай тутұғырын көтеру ойы содан келді.Бұл да бізге қанмен келген тәрбие шығар. Елімізге, болашақ жастарға рух көтеретіндей, патриоттық сезімін жоғарылататындай деген ниетпен осы елге тұғырымызды сыйлап жатырмыз.

 Сонымен қатар ауыл мектебінің музейінен арнайы бұрыш ашылып, арда азаматтың ұрпақтары музейге лэд экранды сыйға тартты.

 ЛӘЗЗАТ ЖҰМАБАЕВА – К.ЖҰМАБАЕВТЫҢ ҚЫЗЫ

Төменарық ауылының №53 мектебінің музейінде біздің әкеміз Кәрім Жұмабайұлына бұрыш ашылып жатыр. Әкеміз осы мектептің түлегі. Осы мектепте мұғалім болып бастап, завуч, директор болып істеді. Ол бұрышқа әкеміздің барлық мемлекеттің медальдарі, ордендері қойылды. Жеке заттары қойылды.

Тағылымды іс-шара аясында спорттық сайыстар ұйымдастырылды.

Аружан САРУАРБЕК-тілші:

Туған жерге тағзым мен елге қызметтің көрінісі — дәл осындай істерде. Әулет өкілдерінің бұл бастамасы ауыл халқының алғысына бөленіп отыр. Елді біріктіріп, ұрпақты ұлағатқа жетелейтін осындай ортақ қуаныш ауылдың еңсесін тіктеп, берекесін арттыратыны сөзсіз.