#qyzylordatv
Әлем аралап, саяхаттауға ешқашан кеш емес. Марокколық жиһанкез Әбуфирасс Әбділғанидің қажырлы қарекеті сөзімізді қуаттай түспек. 67 жастағы саяхатшы мотоциклмен төрткүл дүниені жалғыз жортып жүр. Қарттыққа қадам басқанда танымын молайтуды көздеген жан дәл қазір Қызылорда қаласына аялдапты. Әріптесіміз саяхатшы тыныстаған сәтте тілдесіп үлгерді.
Әбуфирасс Әбділғани - кәсіпкер. Шаруасын бір ізге түсіріп, қазыналы шақты мазмұнды өткеруді көздепті. Жетпіске жетеқабыл шақта әлемнің 60-тан астам елін аралап үлгерген. Бұл жолы қазақтың дархан даласына сапарлатуды жөн көрген екен. Тәуекелге бел буып, Марокконың Марракеш қаласынан 22 мамыр күні жолға шығыпты. Содан бері кәрі құрлықты басып өтіп, Каспий теңізі арқылы біздің елге жеткен.
ӘБУФИРАСС ӘБДІЛҒАНИ – САЯХАТШЫ /Аударма! Үлкен саяхатқа жалғыз шыққанды жақсы көремін. Өйткені, өзіңмен өзің қаласың. Бұл ерік-жігеріңді шыңдауға, табиғат тылсымын тануға айрықша мүмкіндік береді. Қазақстанның Ақтау, Ақтөбе қалаларында болдым. Күні кеше Арал өлкесін көзбен көріп, ерекше әсер алдым. Сапарымды Алматы қаласында түйіндесем деймін/
Марокколық саяхатшы жалғыз жортудың машақаты көп екенін айтады. Шыны керек, қазір Сырдың сары даласында күн күйіп тұр. Тәжірибелі жиһанкез соған қарамастан өндіріп, ерік-жігерін көндіріп сапар шегіп келеді. Бүгін мотоциклмен саяхатқа шыққанына 24 күн болыпты. Жолда тақымдаған тұлпары бірнеше рет сыр берген. Бірақ жергілікті жұртшылық екі сөзге келместен көмек көрсетті, дейді. Сондықтан, меймандос қазақ жұртына алғаусыз алғысын білдірді.
ӘБУФИРАСС ӘБДІЛҒАНИ – САЯХАТШЫ / Саяхат барысында түрлі жағдайға тап боласың. Аралға барар жолда мотоциклм бұзылып қалды. Біткен жерім осы екен дедім. Дегенмен ондағы тұрғындар дереу көмек көрсетіп, жолға шығуыма жағдай жасады. Қазақ халқы ашық-жарқын, қиындықта қалған адамға көмектесуге ұмтылатын, қолда барын бөлісуден аянып қалмайтын халық екен. Өз басым мұндай қасиетті, мысалы, еуропалықтардың бойынан байқамадым/
Қарт жиһанкез бүгінге дейін 10 мың шақырымды артта қалдырды. Енді жолай Түркістанға аялдап, әсем шаһар Алматыға жетуді жоспарлап отыр. Ал сапар барысындағы қызықты сәттерден бейнефильм дайындап, жаһан жұртына жария етуді көздейді.