#qyzylordatv
Жаңақорғанда Судьялар және сот қызметкерлері күніне орай түрлі мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында волейболдан аудандық турнир өтті. Спорттық додаға алты команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Судьялар және сот қызметкерлері күніне орайластырылған турнир биыл аудан көлемінде екінші рет ұйымдастырылды. Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Мажит Самитов қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде заң үстемдігін қамтамасыз етуде сот жүйесінің атқарып отырған қызметіне тоқталып, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.
МАЖИТ САМИТОВ, АУДАН ӘКІМІ
Бұл мереке елімізде заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтарымен бостандықтарын қорғауға, қоғамдағы әділдік пен тәртіптің сақталуына, өлшеусіз үлес қосып жүрген судьялар мен сот қызметкерлерінің қажырлы еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі. Қазақ халқы ежелден ең жоғарғы құндылықтардың бірі санаған «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қанатты сөз халқымыздың әділдікке деген көзқарасын айқын аңғартады. Бүгінгі сот жүйесі де осы ізгі дәстүрді жалғастырып заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында ауқымды жұмыстар атқарып келеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың басты мақсаты – мемлекеттік мекемелер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, бұқаралық спортты дамыту. Турнирге аудан әкімдігі, сот, полиция, төтенше жағдайлар бөлімі, денсаулық сақтау және орман шаруашылығы мекемелерінің құрамалары қатысты.
АЙДОС ЖОЛДЫБАЕВ, АУДАНДЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫ
Осы шараға байланысты Жаңақорған ауданы сотының ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметкерлер арасында турнир. Бұл шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік мекемелер арасында ынтымақтастықты қалыптастыру, бірлікті қалыптастыру мақсатында жүргізіледі.
Тартысты кездесулер барысында командалар жеңіс үшін барын салды. Қатысушылар мұндай спорттық шара әріптестер арасындағы байланысты күшейтіп, салауатты өмір салтын насихаттауға сеп болатынын атап өтті.
БАҚЫТЖАН ҚАЛДЫБАЕВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
Бұрын негізі бала кезден ойнаймыз осы волейбол ойынын, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін.
Жарыс қорытындысы бойынша Жаңақорған ауданы әкімдігі аппаратының құрамасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды аудандық көпбейінді ауданаралық аурухана командасы иеленсе, үшінші орын аудандық орман шаруашылығы мекемесінің құрамасына бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.