#qyzylordatv

Облыс орталығында журналист Ерқанат Сәрсенбайұлын еске алуға арналған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында шағын футболдан турнир өтті. Биыл алғаш рет ұйымдастырылған доп додасына алты команда қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті.

 Ерқанат Сәрсенбай Сыр журналистикасында өзіндік орны бар азамат. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің түлегі бірқатар ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдарда жұмыс істеп, қоғамның дамуына өз үлесін қосты. Адал еңбегімен, азаматтық ұстанымымен, кәсіби шеберлігімен көзге түсіп, көпшіліктің құрметіне бөленді. Турнирдің ашылу салтанатында сөз алғандар Ерқанат туралы естеліктер айтып, бір минут үнсіздікпен еске алды.

МҰРАТ ЖЕТПІСБАЕВ, «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІНІҢ ОБЛЫСТАҒЫ МЕНШІКТІ ТІЛШІСІ

Әріптесіміздің рухын көтерудің үлкен бір үлгісін көріп отырмыз. Ерқанаттың дүниеден озғанына жылдан асыпты....

 АЛТЫНКҮЛ ДӘРІБАЕВА, АНАСЫ

Менің баламның атын жоқтатпай турнир өткізіп жатқандарыңызға рақмет....

Әріптестері Ерқанатты «шындықтың шырағданы» еді деп еске алады. Ол әсіресе өзі туып өскен Жаназар батыр ауылындағы өзекті мәселелерді көтеріп, шешілуіне ықпал етті.

 САМАТ СЫРЛЫБАЕВ, ДОСЫ

Бүтіндей бір ауылды бір өзі қорғап шығатын....

 Ерқанат Сәрсенбайұлын еске алу турнирі биыл бірінші рет өткізліп отыр. Жергілікті журналистерден және мемлекеттік мекемелерден құралған алты команда айналмалы жүйе бойынша бір-бірімен ойнап шықты. Нәтижесінде барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, көп ұпай жинаған «Қызылорда» телеарнасы мен «Меншікті тілшілер» командасы финалда кездесті. Журналистика мен спортты қатар алып жүрген шын жүйріктер тартысты ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде телеарна жігіттері бір доп айырмашылығымен жеңіске жетті. Есеп 4:3.

 Сонымен, белгілі журналист Ерқанат Сәрсенбайұлын еске алуға арналған турнирде «Сыр медиа» командасы үшінші орынға ие болса, «Меншікті тілшілер» екінші орын алды. Ал, «Қызылорда» телеарнасы жарыс жеңімпазы атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубок пен медаль және қаржылай сыйақы табысталды.