#qyzylordatv
Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда жоғары педагогикалық колледжінің ұжымы Орал қаласына арнайы өнер сапарымен барып, «Батыр Мәншүк» қойылымын сахналады. Ару мекен Ақжайыққа, Сыр елінің сәлемін жеткізген жандарға батыс жұртшылығы ыстық ықылас білдіріп, қойылымнан соң тік тұрып қошемет көрсетті.
Сұрапыл соғыста ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батыр қыз Мәншүк Мәметова батыс өңірінде дүниеге келген. Ал, тарихи тұлғаның есімін иеленген Қызылорда жоғары педагогикалық колледжі 93 жылдан бері жас ұрпақты білім нәріне сусындатып келеді. Осы орайда батыр болмысын туған жерінде дәріптеу білім ошағы басшылығының көптен бергі мақсаты еді. Атауы айқындап тұрғандай, көпформатты перформанс бағытындағы қойылымның ауқымы үлкен. Сондықтан спектаклге колледждің оқытушы және студенттерінен құралған 150-ге жуық өнерпаз атсалысты.
Мәншүк Мәметова Кеңес одағының батыры атағын иеленген тұңғыш қазақ қызы. Қойылымда «Шығыстың Шолпаны» атанған жанның бүтін болмысы дәріптеледі. Яғни, балаң шақтан бастап, батырлық жолына дейінгі соқтықпалы-соқпақты жол суреттеледі. Қойылымда бірде-бір кәсіби әртіс өнер көрсеткен жоқ. Дегенмен, жалынды жастардың ізденісін батыс жұртшылығы жып-жылы қабылдады.
Ару Ақжайық өлкесін өнерімен тербеткен белсенді буынды колледж ұжымы таңалакеуімде теміржол торабынан тосып алды. Осылайша олар білім биігіне қол соза отырып, шығармашылық шырағын жаға білген. Айта кетерлігі, Орал төріндегі қойылымда колледж студенттерімен қатар, оқытушы ұстаздардың ұл-қыздары да өнер көрсетті. Ал, батыр қыз Мәншүктің рөлін болашақ тіл маманы Аружан Айдосқызы сомдаған.
Ғасырға жуық тарихы бар колледжде қазір 2 мыңнан астам студент білім алуда. Оларды кәсіби тұрғыда шыңдай отырып, отаншыл рухқта тәрбиелеу білім ошағы ұжымының басты бағдары. Сондықтан, колледж жанынан арнайы театр труппасы құрылып, бүгінге дейін бірнеше қойылым көрермен назарына ұсынылды.
Мазмұнды қойылыммен мәртебесі артқан ұқыпты ұжым бұл жетістікпен тоқтамақ емес. Енді «Батыр Мәншүк» қойылымын еліміздің өзге де аймақтарында сахналап, қайсар қыздың ерлігін дәріптеуді жалғастырмақ ниетте.