#qyzylordatv
Халықаралық архивтер күніне орай аймақтың қазына қоры құнды мұрамен толықты. Сыр сүлейлерінің ізі, жампоз жырау Жұмабек Аққұловтың жеке тектік құжаттарын туыстары облыстық архив қорына тапсырды.
Жұмабек Жарылқасынұлы саналы ғұмырын сүлейлер сөзін сақтап қалуға арнады. Сөйте жүріп өзі де мол мұраның мұражайына айналған. Енді тарихи тұлғаның құнды құжаттары сенімді сақшыға тапсырылып отыр. Өйткені, облыстық архив ғимараты кәсіби жабдықталған еліміздегі бірден-бір нысан. Аталмыш қорға жыраудың жеке бас құжаттарымен қатар, өнер жолында олжалаған марапаттары және қолжазба еңбектері өткізілді.
Танымдық жиында өнер иесінің туыстары мен шыңдалған шәкірттері естеліктерімен бөлісті. Осы тұста айта кетерлігі, Жұмабек Жарылқасынұлы әйгілі «Шаһнама» дастанын таспаға түсірген 23 жыраудың бірі. Мұнымен қоса, Тұрмағамбет мұраларын насихаттау мақсатында 400-ден астам туындыны ғылыми айналымға енгізген. Сыр өңіріндегі мұнан өзге де өнер қайраткерлерінің есімін ұлықтауда Аққұловтың атқарған ісі орасан. Парасатты жанның бұл еңбегі жырсүйер қауымның жадында сақталары анық.
Облыстық мемлекеттік архив қорының ғасырға жуық тарихы бар. Бүгінде мұнда өңір шежіресі хронологиялық негізде хатталып тұр. Сондай-ақ, түрлі салада өзіндік із қалдырған тұлғалар мұрасы арнайы қорғауға алынған. Енді солардың қатары жампоз жырау мұрасымен толықты.