#qyzylordatv

Аймақта кәсіпке ынталы қыз-келіншектердің қатары көбейіп келеді. Бұл өзгеріске облыстық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған салааралық «Әйелдер кәсіпкерлігі» кеңесінің ықпалы зор. Бүгінде аталмыш топ мүшелері өзара тәжірибе алмасу тетігін жүйелі жүргізуде. Кезекті іскерлік кездесу облыс орталығындағы «Сыр жиһазы» фабрикасында ұйымдастырылды.

 «Әйел-ана – бесікті ғана емес, әлемді тербейді». Жылдам өзгерістер кезеңінде дамуды дәріптеген қыз-келіншектердің ұстанымы осы. Ресми ақпарға сүйенсек, қазір өңірде 71 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Соның жартысына жуығын әйелдер басқарады. Іскерлік ортаның әлі де кеңейе түсетін түрі бар. Өйткені, кәсіпке енді бет бұрған қыз-келіншектерге осылай тегін бағыт беру тетіктері жолға қойыла бастады.

 «Сыр жиһазы» фабрикасы эксклюзивті жиһаздар өндіру ісінде көшбасшыға айналған кәсіпорын. Бүгінде мұнда жасалған тауарлар облыс аумағымен қатар, көршілес өңірлерге де шығарылып жатыр. Аталмыш цехта көнетоз бұйымдарды қайта жаңғырту ісі де қолға алынған. Бір сөзбен, кәсіби мамандар тұтынушы талабын жан-жақты орындайды. Фабрикаға экскурсия барысында түрлі кәсіпті тізгіндеген қыз-келіншектер өндіріс барысын жақыннан көріп, тиімді тұсын түртіп алуға мүмкіндік алды.

 Әрине, аталмыш бизнес нысаны бірден мұндай ауқымды күшке айнала қойған жоқ. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында құрылған кәсіпорын түрлі қиындықты еңсеріп, өндірістік еркіндікке қол жеткізіп отыр. Демек, табыс формуласының басты кілті - кедергілерде кетілмеу. Енді осы ұстанымды кәсіпке бейіл жастардың жадында жаңғырту маңызды.

Бағамдасақ бұл жәй ғана экскурсия емес. Өңірдегі кәсіпкер қыз-келіншектер бизнес барысын жақыннан тамашалай отырып, өзара тәжірибе алмасу алаңы. Дәл осындай форматтағы іскерлік жиын енді өңірдің шалғай елді мекендерінде ұйымдастырылып, кеңес аясын кеңейту көзделіп отыр.