#qyzylordatv
Ақхалатты абзал жан болуды бала кезден армандайтындар аз емес. Ал үш жастағы Медина Бекболатқызы қазірден өзін «доктормын» деп таныстырады.Ойыншық шприц пен қажетті ем-домын ұсыну – оның күнделікті жұмысы. Әлеуметтік желіде жұртты сүйсінтіп жүрген кішкентай дәрігердің қабылдауында тілшіміз Назира Алмас болып келді.
Бұл - дәрігерге еліктеп, тәтті қылықтарымен танымал болған қызылордалық бүлдіршін Медина. Бірде «Фасфуд жемеңіз, газды сусын ішпеңіз» деп ақылын айтса, енді бірде тіл алмайтындарға тақылдап сөйлей жөнеледі.
Осылайша көптің жүзіне күлкі сыйлап, талайдың таңдайын қақтырған қылықты бүлдіршінге желіде жазылған пікірлер жетерлік.
ШЫНАР ЕРМАНОВА – МЕДИНАНЫҢ ӘЖЕСІ
Аңсар інісіне жедел жәрдем шақырсақ, басқа балалар секілді қорықпай, бәрін бақылап, тыңдап, үйреніп жүретін. Содан кейін “Ата, сені емдеймін, әже, саған укол саламын” деп жүретін болды. Телефоннан көргендерін қайталап, “мынадай ақ халат керек, мынадай дәрі болады” деп бізге үйретіп отырады.
Болашақ дәрігер біздің түсірілім тобына да кеңес берді. Бір парақ қағазға ем-домын жазып, денсаулығымызды тексерді.
Медина – бір отбасының үкілеген үміті. Оның ақ халатқа қызығуына анасының орындалмаған арманы да себеп болуы мүмкін дейді әжесі.
ШЫНАР ЕРМАНОВА – МЕДИНАНЫҢ ӘЖЕСІ
Қызым медицинаға түскім келеді дегенде мен қарсы болып, басқа мамандыққа түсірген едім. Енді сол арманы қызы арқылы орындалар. Анасының жетпегеніне қызы жеткен жақсы жетістік деп білемін.
МЕДИНА БЕКБОЛАТҚЫЗЫ – КІШКЕНТАЙ ДӘРІГЕР
Мен болашақта бләш боламын. Барлықтарыңызды емдеймін. Мерекелеріңіз құтты болсын. Ауырмаңыздар! Чипси, кола ішпеңіздер. Оның ішінде құрт бар.
Кейде үлкен істер кішкентай жүректен басталады. Медина – сол жүрек. Ойын арқылы арманға жол тартқан «кішкентай дәрігер»!