#qyzylordatv
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, эстрада және опера әншісі Толқын Забированың шығармашылығына биыл 35 жыл. Өнер жұлдызы осыған байланысты Сыр сахнасында мерейтойлық концертін берді.
Толқын Забирова қазақ ән өнерінің көгінде қалықтаған ерекше дауыс иесі. «Бұлбұл» әнімен танылған қазақтың бұлбұлы. Ұлттық опера өнерінің аңызы Бибігүл Төлегенованың төл шәкірті. Дарынды тұлғадан тәлім алған талантты әншінің шығармашылығына биыл 35 жыл толып отыр. Бұған дейін еліміздің батыс, оңтүстік өңірлерінде меретойлық концертін өткізген Толқын Забирова енді міне Сыр еліне келіп, қызылордалықтардың ыстық ықыласына бөленді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қатысып, аймақ басшысының құттықтауын жеткізді.
Кеште қазақтың халық әндерінен бастап, классикалық, эстрадалық және шетел композиторларының туындылары жанды дауыста орындалды. Соның ішінде «Егіз лебіз», «Қара маған қара», «Өмірге ғашықпын», «Вечная любовь» секілді әндер көрерменге ерекше әсер сыйлады.
ТОЛҚЫН ЗАБИРОВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ЭСТРАДА ЖӘНЕ ОПЕРА ӘНШІСІ \Өнер адамы ретінде ең үлкен мәртебе ол халықтың ықыласы. Бүгін сол ықыласқа шомылдым. Қасиетті өлкеге келіп тұрып мұндай әндерді шырқамағанда қайда шырқаймыз. Бұл нағыз өнердің, ғылымның, кәсібиліктің отаны, астанасы. Сондықтан көременге бас иіп, рақметімді айтамын.. \
Концертте Толқын Забированың ұлы, талантты музыкант Дияр Бабаев та өнер көрсетіп, тыңдарманның ыстық ықыласына ие болды. Екі сағат бойы тапжылмай ән тыңдаған көрермен кеш соңында өнер иелеріне тік тұрып құрмет көрсетті.