#qyzylordatv
Әлемдік талапқа сай заманауи білім беру үдерісінен қалыс қалмау - уақыт талабы. «125 High School Qyzylorda» мектебінің ұстаздары осы маңызды міндетті абыроймен еңсеріп келеді. Биыл аталмыш білім ошағын тәмамдаған 14 түлек алтын белгі иегері атанды. Облыс орталығында өткен салтанатты кеште жас түлектерге аттестат табысталып, үздік шәкірттерге құрмет көрсетілді.
Сания Жарас үздіксіз ізденістің жемісін көрген жас түлек. Ол білікті ұстаздардың талабын бұлжытпай орындап, ұлттық біріңғай тестілеуде 124 балл жинапты. Мұнымен қоса, халықаралық Iеlts емтиханынан жоғары нәтиже көрсеткен. Ең қызығы енді ол емтихан тапсырғаннан да жауапты сәтке тап болды. Қызылорданың қаршадай қызына шетелдің 6 оқу ошағы грант ұсынып отыр. Қиыны, тек біреуін таңдауың шарт.
Жалпы биыл Сыр өңіріндегі «125 High School Qyzylorda» мектебін 181 түлек тәмамдады. Соның 28-і үздік атанса, 14 оқушы алтын белгі иеленіп отыр. Аталмыш оқу ошағының басты ерекшелігі, әр жеткіншектің қабылдау дағдысына қарай жекелей жұмыс істеледі. Әрі оқушылар ағылшын тілін жетік меңгеруге жағдай жасалған. Соның нәтижесінде биыл бітіруші түлектердің үшеуі шетелдік жоғары оқу ошақтарының білім гранттарын жеңіп алды.
Қызылордадағы жеке мектеп желісінде әзірге 60 педагог еңбек етуде. Алдағы уақытта мектеп аясын кеңейтіп, білікті ұстаздардың қатарын көбейту көзделіп отыр. Зерделі мамандардың еңбегі елеусіз қалмайды. Салтанатты кеште шәкірттері жоғары нәтиже көрсеткен ұстаздарға да құрмет көрсетілді.
Өткен жылғы оқу маусымында аталмыш білім ошағы түлектерінің 94 пайызы грант иегері атанды. Әзірге биыл ұлттық біріңғай тестілеу қорытындысы толық жарияланған жоқ. Десе де, мамандардың пайымдауынша, көрсеткіш былтырғыдан төмен болмайтын сыңайлы.