#qyzylordatv

Қаланың, ауданның, ауылдың, жалпы облыстың бет-әлпетіне қарап, ондағы тұрғындардың көңіл-күйін де білуге болады. Таза, қауіпсіз, жайлы өмір сүру үшін бар жағдай жасалып, абаттанған аймақ өзіне магнитше тартып, өзгеге үлгі болатыны анық. Ел Президенті «таза Қазақстан» бағдарламасына басымдық беруі де сондықтан.

 Біздің облыста тазалық пен тәртіпке негізделген қағида бар. Тіпті ол құжат ретінде облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілген. Ол не дейсіз ғой? Сіз бен біздің таза, сәулетті ортада өмір сүруіміз үшін керек ереже.

 Қарапайым мысалмен айтсақ, көшеде құрылыстан қалған қалдықтардың да, тұрмыстық қалдықтардың да үйіліп жатпауы, тоқ сымдарының салбырамауы, адам құлайтындай аяқжолдардың шұрқ-тесік болмауы, отырғызылған гүл мен көшеттердің солып қалмауы, жан-жақты заңсыз қоршап, ойына келгенін жасауы, бейберекет әрі белгіленбеген жерде құрамы белгісіз сусын, тағам сатылмауы, жұрттың одан уланып қалмауы – тағысы тағы бар, міне, осы тірліктің бәрі тәртіпке келуі тиіс. Қоршаған ортамыз қауіпсіз әрі таза, көрген көз сүйсінетін, сырттан келген кісіден ұялмайтын дәрежеде болғаны керек. Сол үшін де қазіргі күні рейд жұмыстары жүргізіліп, бейберекет тірліктерге тоқтам салынуда.

 Шыны керек, бәрі маңызды. Тұрғындар жайлы, қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін айналаңның эстетикалық келбеті де көп роль ойнайды. Әлем-жәлем жарнама, үйілген қоқыс көбейсе хаос болады. Білесіз ғой, жан-жағымыздағы жағдай көңіл-күйімізге де әсер ететінін. Қараңызшы, абаттанған сквер маңындағы субұрқақтар, шаттанған балалардың бақытты күлкісі, газон-көгалдағы көңілді отырыс керемет емес пе?! Міне, сондай жанға жайлы ортада одан әрі жақсы өмір сүруіміз үшін әрбіріміз тазалық сақтап, туған жерімізге жанашырлықпен қарауымыз керек. Тазалық қағидаты бұл формализм емес, қауіпсіз әрі жайлы ортаның маңызды құралы. Қызылордаға келіп-кетіп жатқан кісі көп, ал кісі көзі әуелі аймақ халқын оның айналасындағы тазалық арқылы таразылайтыны ақиқат. Әлемнің таза қалалар тізіміне енген Копенгаген, Вена, Стокгольм болмасақ та, Қызылорда ел ішіндегі ең таза қала атануына әбден лайық. Міне, сол үрдісті үзбеу – сіз бен біздің қолымызда, жерлестер!