#qyzylordatv
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетовпен кездесті. Кездесуде еліміздің ғарыштық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды жобалардың бірі – «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенінің құрылысы талқыланды.
«Қазақстан мен Ресейдің бірлескен бұл бастамасы – қос мемлекеттің ғылыми-техникалық ынтымақтастығының жарқын үлгісі. Жоба «Байқоңыр» кешенінің, оның ішінде қаланың өркендеуі үшін аса маңызды. Себебі, жобаны іске асыруда жаңа жұмыс орындары ашылып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін берілетіні сөзсіз. Сонымен қатар, ғарыш-зымыран кешенінде экологиялық таза тасымалдағыштарды пайдалану – жалпы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. «Байқоңыр» кешені туризм, оның ішінде халықаралық туризмді дамыту тұрғысынан да ерекше тартымдылыққа ие.
Осы орайда аймақ басшысы Аэроғарыш комитетінің туризмді дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізгенін айрықша атап өтті. «Кешеннің туристік әлеуеті жоғары нысандарына баруды ресімдеуге арналған онлайн-платформа әзірленуде, туристік мақсатта пайдалануға болатын бірнеше ірі нысандар – «Гагарин старты» алаңы, «Гагарин беседкасы», «Энергия-Буран» монтаждау-жанармай құю кешені, динамикалық сынақтар стенді жалдан шығарылып, жаңа туристік маршруттар әзірленді. Бұл бастамалар өңіріміздің туристік әлеуетін арттыруға қосылған елеулі үлес деп есептейміз»,-деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Кездесуде Баубек Оралмағамбетов екіжақты әріптестіктің алдағы уақытта да нығая түсетініне сенім білдіріп, жоспарларды бөлісті.