#qyzylordatv
Жаңақорған кентінде темір жол арқылы өтетін аспалы көпір пайдалануға берілді. Ел игілігі үшін салынған нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Парламент мәжілісінің депутаттары қатысты.
Көпірдің құрылысы 1989 жылы басталып, түрлі себептермен аяқталмай қалған болатын. Содан бері арғы бетте орналасқан 12 ауылдың халқы аудан орталығына жету үшін айналмалы жолмен қатынап келді. Енді міне, мәселе шешімін тапты.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ // Осы ауданға келген кезде аудандағы ардагерлеріміз, жерлестеріміз осы көпірді аяқтап беруді өтінген болатын. Біз бұл көпірді жан-жақты зерттеп, мамандарға тапсырма беріп, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, оң қорытынды алғаннан кейін көпірдің құрылысын жалғастыруды бастадық. Оған облыстық бюджеттен 1 млрд 400 млн теңге қаражат кетті. Бұл көпір елдің игілігіне жұмыс жасайтын алтын көпірге айналсын. Бұл көпір арқылы арғы беттегі елді мекен тұрғындары аудан орталығымен алдағы уақытта да байланысатын болады. Бұл көпір арқылы аудан тұрғындары Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізіне шығып кетуіне мүмкіндік алады ауданның орталығынан өтпей-ақ. Көлік кептелісінің де алдын алуға үлкен мүмкіндік береді. Қуаныштарыңыз құтты болсын, қадірлі жерлестер.//
Аспалы көпірдің ұзындығы 84, ені 15 метр. Екі жағынан жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарық шамдары орнатылған.
Кент тұрғындары да осы көпір арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізіне де емін-еркін шыға алады.
ІЗАТІЛЛА НӘРЗІЛДАЕВ – ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ //Бұл көпірдің тұрғанына 30-40 жылдай болды. Тұрғындардың айналмалы жолды пайдаланғаны бар, тесік көпірмен өткені бар барлығын ескеріп, көпірдің құрылысын бастап кеткен болатын. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес, осы көпірді салғаны жақсы болды. Себебі, осы көпір арқылы үлкен жолдың бойына шығып кетуімізге жақсы. Сондықтан тұрғындар осы көпірді салғанына дән риза.//
АСАН НАҚЫШПАНОВ – АУДАН ТҰРҒЫНЫ //Бұл көпір тұрғындардың көптен бергі күткен арманы еді. Бүгін орындалып отыр. Міне, нөпір халық жиналып, барлығы қуанып жатыр. Автотехника көбейді. Орталық көшелермен жүру қиындап қалды. Көпір соның бәрін жеңілдетті.//
Айта кетейік, соңғы үш жылда облыстағы 1232 шақырым жол күрделі және орташа жөндеуден өтіп, нәтижесінде өңірдегі жағдайы жақсы жолдардың үлесі 92 пайыздан асты.