#qyzylordatv

Шиелі ауданында әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы қарқын алып жатыр. Ондағы жұмыс барысын көрсету үшін журналистерге арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. Биылдан қалмай ел игілігіне қандай нысандар берілетінін тілшіміз Назира Алмас айтып берсін.

 НАЗИРА АЛМАС – ТІЛШІ

Бұл жерде алдағы уақытта жүздеген бала бос уақытын тиімді өткізіп, шығармашылығын шыңдай алады.Ал дәл қазір біз тұрған аумақта – 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.Іргетасы берік, мақсаты биік бұл нысан – өскелең ұрпақтың өнер мен білімге бет бұруына бағытталған маңызды бастамақ.

Көп ұзамай мұнда ішкі әрлеу жұмыстары басталады. Қазір соған қызу дайындық жүріп жатыр. Қос қабатты нысанның жалпы аумағы – 2858 шаршы метр. Құрылысқа 60-қа жуық адам тартылған.

ЖАНБОЛАТ ДАНАБЕКОВ – АУДАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ Ағымдағы жылдың қыркүйек айында құрылыс нысанын қолданысқа беру жоспарланып отыр. Сметалық құны 1 млрд 42 млн теңгені құрайды. Бұл нысанның қабаттылығы 2 этажды құрайды. Жалпы шаршы алаңы 2858 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда 60 адам жұмыс жасауда.

 Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын дамытуға арналған бұл нысандардан бөлек, ауданда дене шынықтыруға арналған спорттық кешен де бой көтеруде. Қазір жер қазу жұмыстарының 80 пайызы аяқталып, спорт залдың темір конструкцияларын бекітетін монолитті іргетастың 90 пайызы дайын.

 СЕРІКБАЙ САДЫҚОВ – УЧАСКЕ БАСШЫСЫ

Өткен жылы 50 млн қаржы бөлінді үкіметтен толық игерілді. Көктемнен бастап қайта жалғастырып жатырмыз. Қазір құрлыстың 70 пайызы аяқталып қалды. Құрлыс монтаж жұмыстары аяқталып, қазір әрлеу жұмыстары болып жатыр. Мынау тұрған үлкен залда кіші футбол, баскетбол, волейбол сынды спорт түрлерімен айналысуға болады. Жоғары этажда спорт секциялары бар.

Тағы бір маңызды жобалардың бірі – жұқпалы аурулар бөлімшесінің құрылысы. 30 төсектік бөлімше бүгінде аяқталуға жақын. Жобаның жалпы құны – 2 млрд 300 млн теңгені құрайды.

 БАҚТЫГҮЛ МҰСАҒАЛИЕВА – АУДАНДЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Бөлімшенің ескі ғимараты 1972 жылы салынған. Апатты деп танылғанына 3 жыл болды. Іштегі науқастар үшін барлық жағдай жасалған. 8 бокс палата, екінші этажында 9 бокс палата бар одан бөлек қабылдау бөлімінің өзі жұқпалы ауруларға арнайы жасалып тұр. Жұқпалы аурулар келген жағдайда басқа ем алушыларға дәрігерлерге зиянын тигізгебей ем шара оқшау түрде жасалатын болады.

Білім саласында да жаңару бар. Ауданда 40 мектеп жұмыс істесе, оның екеуі – жекеменшік. Қазір бірнеше білім ордасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның бірі – №219 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектеп. Құрылыс-монтаж жұмыстарының 60 пайызы аяқталып, нысан жаңа оқу жылына дейін толық аяқталмақ.

Құрылыс – тіршіліктің күре тамыры. Шиеліде бой көтеріп жатқан жаңа нысандар – тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттырары сөзсіз.