#qyzylordatv
Бизнесті оңтайландыру мақсатында өңірде ауыл шаруашылығы жерлері кәсіпкерлерге конкурс арқылы берілуде. Мәселен, дәл қазір Қызылорда қаласына қарасты елді мекендерде 2 мың 919 гектарды құрайтын 40 жер учаскесін осы тетік арқылы айналымға қосу жұмыстары жүріп жатыр.
Жер телімдері бос жатпауы тиіс. Мақсатты пайдаланылса, мемлекет те, былайғы халық та ұтылмасы анық. Осы орайда қалаға қарасты 40 жер учаскесі шаруашылық құрылымдарға 10 жылға пайдалануға берілмек. Ол үшін шаруа нақты мақсатын дәлелдеуі тиіс. Әйтпесе, иеленгеннен кейін икемге көнбейтіндер көп.
МЕЙРАМБЕК ӘЖІБЕКОВ – ҚАЛАЛЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ /Бұл жер учаскелері мемлекеттік меншіктегі жерден беріледі. Қазіргі таңда 40 жер учаскесі бар. Оның ішінде егістік жерлер де бар. Құжаттар жобасы қазіргі уақытта толығымен аяқталды. Қала әкімінің қаулысымен тізімі бегітіледі. Бұл жерлер ауыл шаруашылығы саласы бойынша қызығушылық танытқан кәсіпкерлерге ұсынылатын болады, 1000 га мен 5 га арасында. Кәсіпкерлер өздерінің бизнес планын ұсынуы тиіс.../
Облыс орталығында пайдаланылмай жатқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары да қарқын алды. Бірнеше жыл жүргізілген саралау жұмыстарының нәтижесінде 1 мың гектардан астам жер учаскелері ұзақ уақыт бойы бос жатып қалғаны анықталған. Бүгінге дейін соның 60 пайыздан астамы заң талаптары аясында кері қайтарылды.