#qyzylordatv

 Италияның Венеция қаласында Милан-Кортина-2026 қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ұйымдастырушы комитеті медальдар жиынтығын таныстырды.

Жаңа олимпиадалық медальдар спортшының мансабы және оған тіреу болған адамдарға құрмет ретінде екі жарты бөліктен тұрады әрі жүлделер индукциялық пештерде қайта өңделген металдан жасалмақ. Ал, медальдардың дизайны мен дайындалуына Италияның мемлекеттік теңге сарайы және баспа институты жауапты. Медальдардың дизайны эмоция мен командалық рухты айшықтап, Милан мен Кортина қалаларының бірлігін ғана емес, жеңіс пен оған жету жолындағы күш-жігердің мәнін бейнелейді. Мұны Италия мемлекеттік теңге сарайы мен баспа институтының президенті Паоло Перроне: «Біз Олимпиада және Паралимпиада ойындарына арнап жасаған медальдар - италиялық дизайнның шеберлігі мен кемелдігінің көрінісі. Әрқайсысы - қолөнер мен инновация тоғысынан туған бірегей туынды», - деп түсіндірді. Айта кетейік, Милан-Кортина-2026 Олимпиада ойындары Италияда 2026 жылдың 6-22 ақпаны аралығында өтеді. Онда жалпы саны 245 медаль жиынтығы сарапқа салынады.