#qyzylordatv

Шиелі ауданында тыл ардагері, Құрметті теміржолшы Нұрғали Қауғанбайұлын еске алуға арналған қазақ күресінен облыстық турнир өтті. Биыл бірінші рет жалауы желбіреген жарысқа 7 аудан мен Қызылорда қаласынан 100-ден аса спортшы қатысып, жас палуандар шеберлік байқасты.

Аймақта ұлттық спорт түрлерін дәріптеуде шиеліліктер белсенділік танытып келеді. Аудан жастарының әсіресе қазақ күресіне деген қызығушылығы жоғары. Сондықтан тыл ардагері, құрметті теміржолшы Нұрғали Қауғанбайұлын еске алуға арналған жарыстың алғаш рет ұйымдастырылғанына қарамастан, қатысушылардың қатары көп болды. Спортшылар 10 салмақ дәрежесі бойынша жүлделі орындарды сарапқа салды.

 Қазақ күресі ептілік пен білектілікті талап ететін спорт. Ережесі қарапайым. Қарсыласты алып жығып, жауырынын жерге тигізу керек. Боз кілемге шыққан жасөспірімдер олимпиадалық жүйе бойынша белдесіп, мықтылары келесі кезеңге жолдама алып отырды. Ал, оларға қазақ күресінен Әлем чемпионы, V дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Бекжан Төлепов төрелік етті.

 Ең жеңіл салмақта сынға түскен шиелілік Дінмұхаммед Жарқынбек жарыс жолында қарсылас шақ келтірмеді. Финалдық жекпе-жегінде жергілікті спортшымен күрескен ол қарсыласын жамбас әдісімен тізе бүктіріп, турнир жеңімпазы атанды.

 Жалпы шиелілік жеткіншектер туған жеріндегі бәсекеде жанкүйерлерін жерге қаратпады. Ауданның бес бірдей спортшысы жеңіс тұғырынан көрінді.

 Тыл ардагері, құрметті теміржолшы Нұрғали Қауғанбайұлын еске алуға арналған турнирдің қорытындысымен 10 салмақ бойынша мықтылар анықталып, барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйақылар мен алғыс хаттар табысталды.