#qyzylordatv

Сыр топырағына тропикалық және субтропикалық жемістер жерсіндіріліп жатыр. Тың жобаны ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі Ақерке Тәжекеева қолға алған. Оның жылыжайында лимон өсіп тұр. Көп ұзамай банан да піседі. Жылыжай ісін жандандырып жатқан жанның еңбегімен облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы салааралық әйел кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері танысты.

ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ //Мына лимонның иісін айтып жеткізу мүмкін емес. Сыр суынан нәр алып, Қызылордада өсіріліп жатыр. Тропикалық жеміс көптің таңданысын тудырғаны рас. Осындай ауқымды жобаны қолға алып, тыңнан түрен салған маманның бірі – Ақерке Кеңесбайқызы. 20 жылдай тер төгіп, үнемі ізденіп, ілім жинап, тәжірибесін толықтырып келеді. Соның нәтижесінде жері сор, топырағы тұзды өңірде тропикалық жемісті жерсіндірген.//

 Ақерке Тәжекеева тропикалық жемістерді жерсіндіруді 2021 жылы бастаған. Алғаш лимонның «Мейер» сортын әкеліп, күтімге алады. «Бұл жоба басталғанда сенімсіздік танытқандар көп болды» дейді. Соған қарамастан тың жобаны тоқтатпай, өткен қыста алғашқы өнімін алыпты.

 АҚЕРКЕ ТӘЖЕКЕЕВА – ЖЫЛЫЖАЙ МЕҢГЕРУШІСІ //Лимон ағашы тез жерсініп кетті. Өзі апельсин мен лимонның шатысқан сорты. Өзі осындай қатты ыстықты жақсы көретін дақыл. Тропикалық өсімдік қой. Еккеннен кейін, екінші жылы уже өнімін бере береді. Оны суару үшін қолдан жасаған тамшылатып суару әдісіміз бар. Ылғалдылықты қолдан жасаймыз.

 Бүгінде бұл жобаға қызығушылық танытып жатқандар баршылық. Ақерке Кеңесбайқызы жиған тәжірибесімен бөлісіп, оларға бағыт-бағдар беріп отыр. Қызығы сол, мұнда банан бағы да жайқалып тұр

АҚЕРКЕ ТӘЖЕКЕЕВА – ЖЫЛЫЖАЙ МЕҢГЕРУШІСІ //Жылыжайда банан да өсіріп көрейік деп бұны да былтыр көшетін алып, отырғыздық. Алып кетті, әдемі. Бұл енді есік алдындағы шағын жылыжайымыз ғой. Біздің Қызылордада жылыжай өте аз. Біздің климат Шымкент, Сарыағаш, Түркістан өңірлерімен сәйкес келеді. Демек, жылыжаймен айналысуға үлкен мүмкіндік бар. Осы Қызылордада жылыжай кәсібімен айналысамын деген кәсіпкерлерге көмектесеміз. Күтімге қалай алу керек барлығын түсіндіреміз. Басты мақсатым – қалада жылыжайды көбейту.//

 ВЕНЕРА ДӘУЛЕТБАЕВА – ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ЖАНЫНДАҒЫ САЛААРАЛЫҚ ӘЙЕЛ КӘСІПКЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ //Әйелдердің кәсібін дамыту мақсатында осындай экскурсиялар жиі ұйымдастырып тұрамыз. Айына бір-екі рет. Осы ретте біз жылыжай ісін бастаймын деген әйелдерді жинап, осында алып келуді жөн санадық. Танысып жатыр, маманның тәжірибесін алып жатыр. жалпы бұндай жұмысты алып жүру оңай емес. Сондықтан әйел кәсіпкерлігін қолдау мақсатында осындай іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.//

 Айта кетейік, облыс аумағында 71 мыңға жуық кәсіпкер болса, оның 50 пайызға жуығын әйелдер құрайды.