#qyzylordatv
Елімізде бірнеше жылдан бері әлеуметтік осал топтарға мемлекеттік гранттар беріліп келеді. Бір реттік қаржылай қолдау тың кәсіптің тізгінін ұстауды көздеген бизнес идеясы бар азаматтарға табысталады. Биыл облыс орталығында бұл қолдаудан қанша адам үмітті? Аталмыш бастаманың түпкілікті талабы қандай? Әлеуметтік саладағы осы және өзге де ілкімді бастамалар турасында тілшіміз баяндайды.
Шыны керек қазір «миымда мың сан идея бар, бірақ соны жүзеге асырайын десем, қаржы қолбайлау» деп жүрген жандар жетерлік. Мемлекет тарапынан берілетін бір реттік қолдау осындай азаматтарға таптырмас мүмкіндік. Гранттың мөлшері 1 млн, 572 мың 800 теңге. Бұл қаражатты әсіресе, көпбалалы отбасы мүшелері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар және еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар азаматтар алуларына мүмкіндік мол. Ол үшін бірқатар талап көзделген.
Биыл Қызылорда қаласы бойынша аталмыш қаржылай көмек 500-ден астам азаматқа берілмек. Қазірдің өзінде солардың жартысына жуығы мемлекеттік грантқа қол жеткізіп үлгерді. Ал екінші лек бойынша өтінімдер тамыз айында қабылданбақ. Грант иегерлеріне қойылар басты талап берілген қаражат нақты бизнес идеясын жүзеге асыруға бағытталуы тиіс. Ал тұтынушылық мақсатта жұмсалса, қайта өндіру көзделген. Түптеп келгенде бұл оңай ақшаны олжалау емес, екі қолға бір күрек табуды ойлаған жандарды қолдау тетігі. Осындай бастамалар нәтижесінде өңірде жұмыссыздық деңгейі біршама төмендеді.