#qyzylordatv
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Адамзаттың бәрін сүй!» тақырыбында өткен республикалық ақындар айтысынан бірінші орынды жеңіп алған қызылордалық жас ақын Бексұлтан Орынбасарды әріптестері зор ықыласпен күтіп алды.
Республика күні қарсаңында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өткен жыр додасына 14 ақын қатысқан болатын. Солардың ішінде сырбойылық ақындардың жолын жалғаған жас таланттың өнері көптің көңілінен шығып, елдің алғысына бөленді. Қызылордалық жас дарын бұл айтыста түйінді мәселелерді тап басып айтып, көп емес, дөп сөйлеуге тырысты. Өзінің шаппа-шап айтыста шыңдалған шын үздік екенін дәлелдеді. Әсіресе, өзекті пікір, орамды ой айтылған Сара Тоқтамысовамен айтысы ерекше есте қалды. Жыр барымтасында қазылар алқасынының шешімімен бас жүлдені Айбек Қалиев иеленді. Оған «Алтын домбыра» және пәтер табысталды. Жүлделі бірінші орын және автокөлік Бексұлтан Орынбасарға бұйырды.
Айта кетейік, осыған дейін Бексұлтан Орынбасар Шымкент қаласында өткен «Күміс домбыра» республикалық жастар айтысында бас жүлдені жеңіп алған болатын.