#qyzylordatv

Биыл ұлтының ұлы мұратын арқалап, жұртының жоқшысына айналған қайраткер Мұстафа Шоқайдың туғанына - 135 жыл. Осыған орай тұғырлы тұлғаның туған жері Шиеліде ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылып, Мұстафаның мұрасы насихатталды. Мерейлі мерекемен тұспа-тұс келген тағылымды шара турасында тілшіміз тарқатады.

Бүгінгі бейбіт күнге жету жолында талай тұлғалар тар жолда тайғақ кешіп, тағдыр тақсіретін тартқаны әмбеге аян. Мұстафа Шоқай сол соқтықпалы сүргіннің бастауында тұрған қайраткер. Асыл азаматтың туғанына биыл – 135 жыл толды. Осыған орай жұртшылық алдымен аудан орталығындағы еңселі ескерткіш маңына жиылып, ел үшін туған ерге құрмет көрсетті.

«Азаттық – арманы, тәуелсіздік – мұраты болған Мұстафа». Республика ғалымдарының басын қосқан ғылыми-танымдық конференцияның тақырып тұздығы осы. Жиында Мұстафаның қайраткерлік қалыбы мен Түркістан мемлекетін құру жолындағы күрескерлік еңбегі турасында тың деректер айтылды. Сондай-ақ, біртуар азаматтың отаншылдық рухын өскелең ұрпаққа дәріптеп жүрген мемлекет және қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкірге шиеліліктер айрықша құрмет көрсетті.

Түсінгенге, Түркістан мемлекетін құру идеясын ұстанған қайраткер өмірінің соңына дейін мызғымас мұратына адал болды. Бүгінде оның бар арман-мұраты тәуелсіз қазақ елінде жүзеге асуда. Мерейлі мерекеде туған жерінде ұйымдастырылған тағылымды шара осының дәлелі.

Мұстафа Шоқай бір рулы елдің не қара бастың сойылын соққан жоқ. Ұлт мақтанышы түбі бір түркінің бір арнаға тоғысуын тіледі. Жиында осы жолда кедергілерде кетілмей, кереғар саясатқа қарсы тұрғаны мұрағат деректері арқылы баяндалды. Ол үшін Сыр өңірімен қатар, өзге аймақтардан да мұстафатанушы ғалымдар шақыртылған.

ӘН ЕРКЕСІНІҢ ӨНЕРІ ЖАҢҒЫРДЫ

Мұстафа Шоқай саясаттың сауытты сардары болса, Нартай Бекежанов ұлт руханиятының өрелі өкілі. Биыл ән еркесінің де туғанына - 135 жыл толып отыр. Осыған орай шежірелі өлкеде «Өздерің білер, Нартаймын» атты фольклорлық ансамбльдер байқауы болды. Дүбірлі додада аймақ өнерпаздарымен қоса, көршілес Түркістан облысының мәдениет майталмандары бақ сынап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

Байқау барысында өнер ұжымдары алдымен Нартай Бекежановтың шығармаларын шырқап, жұртшылықтың қошеметіне ие болды. Ал, мұнан соң жергілікті композиторлардың туындылары мен халық әндері фольклорлық ансамбльдің сүйемелдеуімен жанды дауыста орындалды.

Байқау қорытындысы бойынша Түркістан облысының «Ордабасы» халықтық фольклорлық ансамбльі жүлделі үшінші орынды еншіледі. Ал, Жаңақорған ауданының «Әлшекей» фольклорлық ансамбльі екінші сатыдан көрінсе, Түркістан қаласынан келген «Алқоңыр» ансамбльі бірінші орынға лайық деп танылды. Осылайша, ән еркесінің мәдени мұрасы мен қалтарыста қалған құндылық қайта түлеп, көрерменнің көңілін жадыратты.