#qyzylordatv

Республика күні - ұлтты ұйыстыратын, бір ел, бір Отан ұғымын нығайтатын күн. Мәні бөлек мерекені аралдықтар да сән салтанатымен атап өтті. Айтулы күнде ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан бір топ сала маманы марапат мінберінен көрінді.

Көк тудың желбірегені, жаныма қуат береді... Ұлттық мерекеге арналған іс-шара әуелі «Рәміздер алаңындағы» биіктігі 32 метр тұғырда орналасқан мемлекеттік туды көкке көтеруден басталды. Салтанатты рәсімге аудан әкімі мен зиялы қауым өкілдері және жастар қатысып, егемендік декларациясының мән-маңызы жөнінде тағылымды әңгіме қозғалды. Сондай-ақ, аудан өнерпаздарының қатысуымен патриоттық әндер шырқалды.

Мұнан кейін, салтанатты жиын аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Мерекелік шарада мемлекеттік ту сахна төріне шығарылып, гимн орындалды. Бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айрықшы мереке.

Тәуелсіздік таңында елімізде толайым тірліктер атқарылуда. Соның ішінде Арал өңірінде де байырқалы бастамалар аз емес. Мәселен, биыл ауыл шаруашылығы саласының қорытындысымен Арал ауданы «Балық шаруашылығы саласы бойынша» озат аудан атанды. Мұнан бөлек, инвестиция тарту, өнеркәсіп өндірісі, құрылыс, денсаулық, білім саласында да серпінді серпіліс бар.

Салтанатты шарада ауданның өсіп-өркендеуіне, соның ішінде білім саласының дамуына айрықша атсалысқан сала ардагері Амангелді Бөлекбаевқа Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі табысталды.

Мұнан бөлек, жиында бірқатар сала мамандары облыс және аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Республика күніне арналған шарада мемлекеттік қызметке жаңадан тағайындалған жас мамандар салтанатты түрде ант қабылдады.

«Қыран елім – Қазақстаным» атты салтанатты кеш жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Аудандық өнер мектебінің жанынан құрылған балалар хор ұжымы «Қазыналы Аралым» әнін бірге шырқаса, дәстүрлі орындаушылар жыл жалауын желбіретті.