#qyzylordatv

Қызылордада жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Әсіресе, қала іргесіндегі саяжайлар мен шет аймақтағы көшелерді жөндеуге ерекше назар аударылып отыр. Қалалық әкімдік атқарылып жатқан жұмыстарды көрсету үшін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырды.

Қаланың орталық көшелері жыл сайын жөнделіп, барынша жақсы ұсталатыны белгілі. Соңғы уақытта шаһардың шеткері көшелерінің сапасына да жіті мән беріліп жатыр. Мәселен, бүгінде Нұрмағамбетов көшесінен Жезқазған трассасына дейінгі бір жарым шақырым жолды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын.

Сондай-ақ, қала іргесінде орналасқан «Эдельвейс», «Еңбек» және «Орбита» саяжайлары мен «Бәйтерек» ықшам ауданының көшелеріне қиыршық тас төселіп жатыр. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы жолдарға да ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Қайта жаңғыртудан өткен көшелерге алдағы уақытта көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілмек. Айта кетейік, биыл облыс орталығында жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға жалпы 21,6 млрд теңге бөлінген.