Сыр өңірінде түйе сүтінен жасалған сабынға жапониялық косметологтар қызығушылық білдіруде. Себебі, аталмыш өнім тері ауруларының алдын ала отырып, адам ажарының табиғи қалпын сақтауға септігін тигізеді. Тыңнан түрен салған кәсіпкердің хош иісті сабыны мен өзге де табиғи өнімдері өңірлік көрмеде көпшілік назарына ұсынылды.
Қазір бет күтіміне арналған сан түрлі өнім бар. Бірақ көбінің құрамын зерделей қарасаң, химиялық қоспаларға тұнып тұр. Ал Арал ауданында жасалған бұл сабын таза түйе сүтінің өнімі. Яғни, хош иіс шығаратын қоспалардан, бояулардан және консерванттардан ада. Тиісінше түйе сүтімен қатар, Сыр өңірінде кең тараған жантақ шөбі қолданылыпты. Ең қызығы, ерекше бастаманы бала күтімімен отырған жас ана жасап шығарған.
Арсена Қосжанованың бұл еңбегі «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында үздік деп танылып, қаржылай қолдауға ие боды. Аталған бағдарлама барысын бақылауға келген жапониялық мамандар байырқалы бастаманы бас бармақпен бағалаған. Енді ол ешкі сүті мен өзге де өсімдік түрлерінен сабынмен қатар, иіссу әзірлеуді жоспарлап отыр.
ДОМБЫРА ЖАСАУДЫҢ ШЕБЕРІ
Ал, Ақбүркіт Жауынғаров нағыз ұста. Ол қазақтың қара домбырасын байырғы әдіспен дайындап жүр. Барлығын қол күшімен жасайды. Тіпті домбыраның бет шанағына тері пайдаланып, ертедегі үнді шығаруға тырысыпты. Оның еселі еңбегі еш кетпеді. Мемлекет тарапынан қаржылай қолдауға ие болған.
ШАҒЫН КӘСІПТЕ ШЫРАҚ БАР
Жалпы, Сыр өңірінде осындай ерекше жоба ұсынған азаматтарды сүйемелдеу ісі нақты жолға қойылып келеді. Байырқалы бастаманың түпкі мақсаты, ауыл иісі аңқыған өнімдерді көпшілік іздеп жүріп тұтынатын тауарға айналдыру.
ПІРМҰХАММЕД СЫЗДЫҚОВ – ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
// 30 финалистің барлығы қазір сүйемелденіп жатыр. Мұның ең тиімді тұсы, грант алуға да жақсы. Осы арқылы 5 млн теңгеге дейін грант алады. Одан бөлек, жеңілдетілген несиелер де бар. Бұл жобаны сүйемелдеуші жапониялық Хорогучи Сан деген кісі. Сол өзі келіп, әрі қарай қалай дамыту керектігін түсіндіреді. Біздің кейбір өнімдеріміз қазір Жапонияға дейін шығып жатыр/
Өңірлік көрмеде өзге де жаңаша жобалар ұсынылды. Олардың ішінде ұлттық құндылықты дәріптейтін бұйымдардан бастап, дәмі тіл үйірер табиғи өнімдер де бар. Енді ауылдың исі аңқыған бұл дүиелерге биыл басталатын «Іскер аймақ» жобасы аясында да қаржылай қолдау көрсетілмек.