Саяси партиялар арасында Жаңа конституция нормаларына қатысты пікірсайыс өтті. Студиялық форматта ұйымдастырылған дискуссияда спикерлер халықтан келіп түскен сауалдарға да жауап береді. Жанел Нұрболатқызы тарқатады.

ЖАНЕЛ НҰРБОЛАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ

Жаңа Конституция нормаларына қатысты пікірсайыс бірер минут бұрын басталды. 7 саяси партиядан барлығы 14 спикер қатысып жатыр. Алғашқы кезеңде Ата заң жобасына қатысты өз позициялары мен пікірлерін білдіреді. Бір норманы мысал ретінде алып, не үшін енгізілді және ол ертеңгі күні қарапайым азаматтардың өміріне қалай әсер ететінін түсіндіруі керек.

Әуелі партиялар кім қандай кезекте сөйлейтінін анықтау үшін жеребе тастады. Барлығы 4 раунд бар. Бірінші кезеңде әр спикер Конституция жобасын 4 минуттың ішінде талдай отырып, пікірін жеткізді.

АЙДОС САРЫМ, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі

 "Жаңа Конституция не үшін керек? Ол ел мен жұртқа не береді? Үш сөз тіркесімен ғана жауап беретін едім. Азат болу. Қазақ болу. Асқақ болу. Азат азаматтар ғана салығын төлейді, елді қорғайды.

КСМ Екінші кезең сұрақ-жауап форматында өтті. Мәселен, "Байтақ" партиясына 37-бапқа қатысты сауал қойылды. Онда адамдардың өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін фактілерді жасырғаны үшін жауапкершілік бекітілген. Бұрын қалай болды? Енді не өзгереді?"

Азаматхан Әміртай, «Байтақ» партиясының төрағасы

"Экологиялық ахуалы төмен өңірлерде онкология ауруымен ауратын адамдар өте көп. Ол жерде біз жаңа көзқараспен арнайы заңдар қабылдауымыз керек болашақта. Бұл қолданыстағы Конституцияда бар. Бірақ ендігі кезекте арнайы заңдық актілерді қабылдау керек. Оларды іске асыратын нақты субьектілер бекітіледі."

Яғни бұрын үлкен жобалар, өндірістер, инфрақұрылым салынғанда экология экономика үшін құрбандыққа шалынып кететін. Енді олай болмайды. Өйткені ең жоғарғы заң - Конституцияда: мемлекет экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндетті,-деп жазулы тұр. Партиялардың осыған баса назар аударғаны да содан.

Конституция – халық пен билік арасындағы қоғамдық келісім-шарт. Үшінші кезеңде партия өкілдері халықтан келіп түскен сауалдарға жауап берді.

 Саяси пікірсайыстың соңғы кезеңінде партиялар үндеу жасады.

Осылайша, 7 партия әр бапты жан-жақты зерделей отырып, Жаңа Ата заң жобасын қолдайтынын жеткізді. «Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер» атты бұл дискуссия 2 сағат бойы «Qazaqstan» телеарнасының YouTube, Facebook, Instagram, TikTok платформаларында және Хабар арнасының YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетілді. Ақпараттың бәрі «Референдум-2026» Telegram арнасында жарияланды.