Жаңақорған ауданында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған «Өнегелі өмір – өрелі ұрпаққа» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Қала мен барлық ауданнан іріктелініп алынған 13 ақын қайраткердің өмір жолын өлеңмен өрнектеді.
Бердібек Сапарбаев саналы ғұмырын еліміздің қоғамдық-саяси өміріне арнаған қайраткер. Бес өңірді басқарып, облыстардың экономикалық дамуына жаңа серпін алып келген. Жезқазған, Торғай, Семей облыстары тарап, көрші аймақтарға бірігіп жатқанда Қызылорданың облыс дәрежесінде сақталуына сіңірген еңбегі көп. Ол үнемі күрмеуі қиын күрделі жерлерде қызмет істеді. Соған қарамастан мәселені байыппен шешіп, қиыннан қиырға жол таба білген нағыз іскер, талапшыл, таразының басын тең ұстаған басшы бола білді. Облыстық жазба ақындар мүшәйрасының ашылу салтанатында сөз алғандар Бердібек Машбекұлы туралы есті естеліктермен бөлісті. н тұстарын ашып айтып берді.
ӘЛІБЕК НӘЛІБАЕВ – Б. САПАРБАЕВТЫҢ ІНІСІ
//Ағамыз Қызылорда облысына 1995 жылы әкім болып келді. Ол кез қиын-қыстау заман еді. Халық қолдады, ел қолдады. 4 жылға жақын қызмет істеді. Облысымызды жақсы дәрежеге жеткізді. Одан 1999 жылы Шымкент облысына әкім болды. Одан кейін кеденді басқарды. Ол уақытта да жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Кеденнің мәртебесін бірінші енгізген ағамыз Бекең болатын. Одан ШҚО әкімі болды. Ол жерде де орыстанып кеткен облыстың ортасына қазақтың ақыны Абайдың ескерткішін қойды. Мұнан соң, Ақтөбе облысында әкім болып, ол қалада да рухани орталықтар, Анаға тағзым орталығын салып, халқына жақын болды. Енді ағамыздың атынан облыстық жазба ақындар мүшәйрасын өткізіп жатыр. Ұйымдастырушыларға үлкен алғысымызды білдіреміз.//
Қабырғалы қайраткерді еске алуға арналған жыр мүшәйрасына қала мен барлық ауданнан іріктелініп алынған 13 ақын қатысты. Олар алдымен Бердібек Сапарбаевтың өнегелі өмір жолы еңбегін өлеңмен өрнектеді.
Мұнан кейін, қатысушылар «Тәуелсіздік», «Туған жер», «Отан» тақырыбындағы өз шығармаларын поэзия тілінде шебер жеткізді.
ДҮЙСЕНБЕК АЯШҰЛЫ – ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
//Бұл мүшәйралар бұрыннан да өтіп жүр. Бірақ, бір ерекшелігі ода жазушылар тұлғаның нағыз бейнесін ашып көрсетуге «Ода» деген жанрдың үлкен септігі бар да. Біз мысалы кешегі ат үстінде өткен батырларды, найза ұстаған батырларды білеміз. Бейбіт күннің батырлары дегенде осы Бердібек ағамыздың атын айтуға болады. Ол кісі бір ғана емес бес облысты басқарды. Бір ғана мысал сыр елінің тарап кету алдында тұрған кезінде арнайы экономикалық аймақ деген статус алып берді. Оның негіздемесін жасау, оны дәлелдеу үлкен ерлік. Сайыста ақындар тұлғаның бейнесін өте жақсы аша білді. Біз енді шамамызша бағасын бердік.//
Жазба ақындар мүшәйрасының қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды қазалылық Әбдірахман Алмабек пен қармақшылық Мөлдір Тәңірбегенова еншіледі. Ал екінші орын жаңақорғандық талантты ақын Шәкәрім Ибадуллаұлы мен жалағаштық жас ақын Сания Жақыповаға бұйырды. Бірінші орынды Сырдария ауданынан келген Ақтөре Ибрагимұлы жеңіп алса, бас жүлдеге шиелілік Бекжан Ержігіт лайықты деп танылды.
Осылайша, төл өнерді дәріптеген жас ақындар саналы ғұмырын ел дамуына арнаған Сапарбаевтың өмір жолын өлеңмен өрнектеп, Жаңақорған жұртына рухани азық сыйлай білді.