Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күніне орай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен облыс орталығында ашық есік күні ұйымдастырылды.

Іс-шарада болашақ маман иелеріне табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде қолданылатын құрылғылар таныстырылды. Жыл сайын бұл қызметкерлер жүздеген жазатайым жағдайлармен бетпе-бет келеді. Олардың мол тәжірибесі өскелең ұрпаққа үлгі.

Сонымен қатар, атаулы күн қарсаңында барлық қала мен аудандарда дыбыс сигналдары қосылған болатын. Бұл құлақтандыру жүйесінің техникалық жағдайын тексеру мақсатында жыл сайын жүзеге асырылады.

Мамандардың айтуынша, мұндай шара тұрғындардың төтенше жағдайларға дайын болуына және сақтық шараларын ұдайы назарда ұстауға септігін тигізеді.