Бүгін Өнер орталығында Халықаралық әйелдер күніне арналған «Ана – әлемнің бесігі» атты мерекелік шара өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, түрлі саланың тізгінін ұстап жүрген қыз-келіншектерге құрмет көрсетті.

Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен ардақты да аяулы жан. Шаңырақтың шаттығы, тіршіліктің шуағы, өмірдің тұтқасы. Қыз-келіншектер жаны нәзік болса да ерлермен бірге өндірісте, кәсіпте, шығармашылық жолында, саясат, бизнес басқа да салаларда еңбек етіп, биік белестерді бағындырып жүр. Мәселен бүгінде облыста медицина қызметкерлерінің 88 пайызы, ұстаздардың 78 пайызы, мемлекеттік қызметшілердің 45 пайызы қыздар, ал шағын және орта бизнестің басым бөлігін бұрымдылар жүргізіп отыр. Демек, әйел отбасының ғана емес, қоғамның, ұлттың ұйытқысы. Осы орайда аймақ басшысы барлық аналарды шұғылалы көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, игі лебізін жеткізді.

Салтанатты жиында аймақтың әлеуметтік экономикалық дамуына атсалысып жүрген көшбасшы әйелдерге мемлекеттік наградалар табысталды. Мәселен, «Көксу» қосалқы шаруашылығының басшысы Рая Үдербаева мен білім саласының ардагері Әлима Әбдіқалықова «Парасат» орденімен марапатталса, қоғам қайраткері Бибіжан Жаукебаева, Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінің мұғалімі Жадыра Омарқұлова және дәстүрлі әнші Ақмарал Ноғайбаева «Құрмет» орденіне ие болды.

Салтанатты шарада Арал аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Алғаш еңбек жолын тәлімгерліктен бастаған ұлағат иесі бүгінде ауданның бас ұстазы атанып, аймақтың білім саласының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Мерекелік жиында денсаулық, мәдениет, құқық қорғау, төтенше жағдайлар саласында, құрылыста ұзақ жылдардан бері абыройлы қызмет атқарып жүрген қыз-келіншектер облыстың Құрмет грамотасына және облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Құшағы гүлге, жүздері қуанышқа толған марапат иелері әсем ән тыңдап, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.