Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтауға үлес қосып жүрген қыз-келіншектерге құрмет көрсетілді. Облыстық Полиция департаменті ардагер аналар мен полицей әйелдерді мерекемен құттықтап, марапат табыстады.
«Нәзіктік нұры – қоғам тыныштығының кепілі» атты мерекелік шарада Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі полиция генерал – лейтенанты Ержан СәденовтІң құттықтау жеделхаты ресми түрде оқылды. Сондай-ақ, облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Ергешов ізгі тілегін жолдады. Шарада бірқатар қызметкер мен ардагер аналар марапат төрінен көрінді.
ОРАЛБЕК ОМАРОВ – ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
"Мереке қарсаңында біздің әйел қызметкерлеріміз түрлі марапатқа ие болды. Одан бөлек 13 қызметкеріміз Ішкі істер министрінің құзырымен арнаулы атақтарын мерзімінен бұрын және бір саты жоғары арнаулы атақтарын алды және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар ардагер апайларымыз ешқашан ұмытылмайды. Біз сол кісілерді де бүгінгі іс-шарамызға шақырып, іс-шараның ортасында болып, ол кісілер де марапатқа ие болып жатыр. Сонымен қатар айта кететін бір жағдай біздің Ішкі істер органдарының қызметкері, қызмет атқару барысында ерлікпен қаза тапқан Әбішов Кеңесбек ағамыздың жары бүгін ортамыздан орын тапты. Сол кісіні де іс-шарамызға шақырып, тиісті марапатын көрсетіп, батырдың рухы ешқаан өлмейтінін көрсетіп жатырмыз. Біз өз кезегінде полиция қызметкерлері Ішкі істер органдарынан қаза тапқан ардагерлеріміздің отбасына мейлінше көмек қолын созуға әрқашан дайынбыз."
Бүгінде облыстық полиция департаментінде 400-ге жуық әйел қызметкер және мемлекеттік әкімшілік қызметкерлер жұмыс істейді. Мерейлі мерекеде қуанышы еселенген жанның бірі – Замира Сайғондыққызы. Ол бұл салада 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
ЗАМИРА САЙҒОНДЫҚҚЫЗЫ – ОПД ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫ, ОТБАСЫ-ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС БӨЛІМІНІҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ
"Бүгінгі Халықаралық әйелдер күні қарсаңында подполковник шенін алу өте үлкен құрмет деп білемін. Бұл жалғыз менің ғана емес, әріптестерімнің қолдауы, басшылықтың сенімі деп білемін. Біздің басты міндетіміз – құқықбұзушылықтың алдын алу, алдағы уақытта халыққа адал қызмет етіп, өз жұмысымды абыроймен әрі қарай жалғастырамын."
Осылайша погон таққан арулар шұғылалы мерекеде құрмет пен қошеметке бөленді. Салтанатты шара концертке ұласып, өнерпаздар әннен шашу шашты.