Биыл - цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Осы орайда денсаулық сақтау саласын цифрландыру арқылы медициналық қызметтердің сапасын арттыруға басымдық берілуде. Мәселен, қаладағы №3 емханада «Әлима» цифрлық көмекшісі іске қосылған. Бағдарлама дәрігердің жұмысын жеңілдетіп, науқастарды профилактикалық тексерулерге уақытылы бағыттауға мүмкіндік береді.

Қалалық емханада қолданылып жатқан «Әлима» жүйесі пациенттің электронды парақшасы ашылған сәттен бастап іске қосылады. Яғни дәрігер қабылдау кезінде науқас туралы барлық маңызды мәліметті бірден көре алады. Бұл уақытты үнемдеп қана қоймай, қажетті тексерулерді өткізіп алмауға көмектеседі.

Дәрігерлердің айтуынша, жүйе медициналық деректерді талдап, шешім қабылдауға жәрдемдескенімен, маманды толық алмастыра алмайды. Өйткені нақты диагноз науқасты тікелей қарап-тексеру арқылы ғана қойылады.

Мамандар тағы бір үрдісті атап өтті. Соңғы уақытта кейбір науқастар қабылдауға ғаламтор мен жасанды интеллект платформаларынан алған болжамды диагноздарымен келеді. Алайда дәрігерлер бұл тәсілдің дұрыс еместігін айтады.

Айта кетейік, цифрлық көмекші дәрігердің жұмысын жеңілдететін құрал болғанымен, негізгі шешімді әрдайым маман қабылдайтынын естен шығармаған жөн.