#qyzylordatv

Ұлы өнердің уығын ұстап, жүгін көтерген жан. Бұл тіркес театр тарланы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейін Әмір-Темірге арналған. Сыр сахнагерлерінің жолбасшысы жарты ғасыр бойы режиссерлік қырымен көрерменге көрікті ой, рухани кеңістік сыйлады. Қазыналы қария енді сол ұзақ жылғы еңбегін «режиссер жазбалары» атты жинаққа топтастырып, оқырман қауымға ұсынып отыр.

Бұл кітап өнер жолына қадам басқан жас актерлер мен режиссерлерге жолбағдар болар әдістемелік еңбек. Яғни, жинақта театр өнерінің қыр-сыры, әр қойылымның тарихы мен режиссерлік шешімдер тайға таңба басқандай жазылған. Аталмыш кітапты осы саланың майталман мамандары әзірден оң бағалап, дер кезінде жарық көрген жинақ деп топшылап отыр. Айта кетейік, Хұсейн Жүсіпұлы биыл 85 жасқа толды. Парасат иесі саналы ғұмырында 160-қа жуық спектакльге режиссерлік жасап, көрермен жадында қалар көркем туындылар жасады. Оның еселі еңбегі еленіп, «Ерен еңбегі» үшін медалі мен «Құрмет», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен қатар, облыстың құрметті азаматы атағы берілген.